Saginov Technical University делегациясы Қарағанды Тау-кен индустриалдық колледжінде болды


Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің Басқарма Төрағасы- Ректоры Сауле Сагинтаева бастаған делегация Қарағанды Тау-кен индустриалдық колледжіне арнайы барып, оқу орнының материалдық-техникалық базасымен және білім беру процесімен танысты. Делегация құрамында Академиялық мәселелер жөніндегі проректор Бекболат Нүсіпбеков, Стратегиялық даму және цифрландыру жөніндегі проректор Тимур Қанапиянов, аппарат басшысы, т.ғ.д., профессор Аристотель Исағұлов, Инновациялық технологиялар колледжінің директоры Нұрбибі Смағұлова, жастар саясаты департаментінің директоры Гүлден Адамова және Пайдалы қазбалар кен орындарын өңдеу кафедрасының меңгерушісі Асқар Имашев болды.

ҚарТУ өкілдерін колледж директоры Нұрлан Абденов қарсы алып, оқу орнына экскурсия жасап, білім беру үрдісімен, оқу-өндірістік тәжірибеден өту, олардың білім алуына жасалған жағдайлар туралы ақпарат берді. Қарағанды көмір бассейнінің даму тарихына арнайы ашылған шахта-мұражайын аралатып, оқу орнының тарихымен, түлектердің жетістіктерімен таныстырды. Делегация мүшелері шахта үлгісі ретінде жасалған оқу шахтасының алаңына барып, студенттер өздерінің тәжірибелік қабілеттерін көрсетті.   Заманауи жабдықталған зертханалармен, соның ішінде виртуалды дәнекерлеу станогының жұмыс барысын тамашалады.

Кездесу барысында тараптар техникалық білім беру сапасын арттыру, тау-кен өндірісіне, дәнекерлеу ісі мамандарын даярлау, түлектердің кәсіптік бағдарын кеңейту мәселелерін талқылады. Сонымен қатар, екі оқу орны арасындағы ынтымақтастықты тереңдету және өндірістік тәжірибе алмасу бағытында жұмыс жүргізу қажеттігі айтылды.Тараптар білім беру сапасын одан әрі жақсарту үшін бірлескен жобаларды жүзеге асыруға, кәсіби біліктілігі жоғары мамандар даярлау ісінде күш біріктіруге дайын екендерін жеткізді.

Бұл кездесу техникалық және кәсіптік білім беру саласындағы әріптестікті жаңа деңгейге көтеріп, өңірдегі тау-кен саласы үшін білікті кадрлар даярлау ісіне тың серпін беретін маңызды қадам болды.

Без рубрики