Кеше, 12 ақпан, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС бірлесіп ұйымдастырған ғылыми-техникалық сессия өз жұмысын аяқтады. Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің базасында өткен бұл шара сілтілеудің заманауи әдістеріне және олардың Қазақстанның тау-кен металлургия кешенінде қолдану перспективаларына арналды.
Сессия қорытындысы бойынша басым ғылыми жобалар іріктелді:
Бірінші орынды «Мыс кендерінің флотациялық қалдықтарынан бағалы компоненттерді сілтілеу» атты жоба жеңіп алды. Бұл жоба Жану проблемалары институты, Satbayev University және ирандық ғалымдар тобының бірлескен жұмысының нәтижесі.
Екінші орынды Қарағанды индустриалдық университетінің «Қазақмыс» корпорациясының өзекті мәселелерін шешуге арналған» жобасы иеленді.
Үшінші орын Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің «Рений алу мақсатында байыту қалдықтарын қайта өңдеу» жобасына берілді.
Бұл жобаларды іске асыру бағалы металдарды өндіру тиімділігін арттыруға, қоршаған ортаға техногендік жүктемені азайтуға және Қазақстанның тау-кен металлургия технологиялары саласындағы позициясын нығайтуға мүмкіндік береді.
Жеңімпаздарды құттықтаймыз және оларға өнеркәсіптік кәсіпорындармен тығыз ынтымақтастықта алдағы уақытта да табысты жұмыс тілейміз!