Қарағанды қаласына жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетіндегі «Мейірім» жастар денсаулық орталығының ресми ашылуына қатысты. Университет қызметкерлері мен студенттері үшін медициналық көмек бұрынғыдан да қолжетімді бола түсті. Себебі, жастар денсаулығына байланысты тегін кеңес алып, қажет болған жағдайда медициналық көмекке жүгіне алады. Емхана Қарағанды облысының Денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен жүзеге асып, медициналық қызметтер ұсынуға мүмкіндік беріп отыр.
Жаңа емхана білікті медициналық мамандармен қамтамасыз етіліп, заманауи құрал-жабдықтармен толық жабдықталған. Мұнда денсаулық мәселелері бойынша медициналық кеңес беру, алдын алу шаралары, емдеу қызметтері және психологиялық қолдау көрсету қарастырылған.
Орталықтың қызметімен танысқан министр Саясат Нұрбек жоғары баға беріп, мұндай бастамалар еліміздің басқа да жоғары оқу орындарында енгізілуі қажет екенін атап өтті. «Студенттердің денсаулығы – олардың білім алу сапасына тікелей әсер етеді. Сондықтан университет ішінен медициналық орталықтардың ашылуы – жастардың өмір сапасын жақсартуға жасалған маңызды қадам», – деді министр.
«Мейірім» орталығының есігі университеттің барлық қызметкерлері мен студенттері үшін әрдайым ашық.