Астана қаласында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі ұйымдастырған «Жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету: жағдайы және даму перспективалары» тақырыбында форум өтті.
Аталмыш форумға Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор С. Сагинтаева, Басқарма мүшесі – Ғылым және инновациялар жөніндегі проректор А. Мехтиев, Басқарма мүшесі – Әлеуметтік-тәрбие ісі жөніндегі проректор А. Қалыков және «Машина жасау» факультетінің деканы А. Мақашева қатысты.
Бұл форум Қазақстанның жоғары білім саласын дамытуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болып табылады. Әсіресе, сапаны қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударылғаны қуантады. Министрлік пен жоғары оқу орындары арасындағы тығыз ынтымақтастықтың нәтижесінде білім сапасын жақсартуға бағытталған бірнеше маңызды қадамдардың қолға алынғанын байқауға болады. Қазіргі уақытта, QS рейтингіндегі жетістіктер, цифрландыру процесінің алға жылжуы, ғылыми жарияланымдардың сапасының жақсаруы – бұл саланың тұрақты дамуында үлкен рөл атқарады.
Сонымен қатар, форумда талқыланған жаңа біліктілік талаптары мен түрлері, аккредитация мен мемлекеттік бақылаудың тиімділігі білім жүйесінің халықаралық стандарттарға сай болуын қамтамасыз етеді. Министр Саясат Нұрбек пен Жоғары және жоғарғы оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Әділет Тойбаев баяндамаларында атап өтілген жұмыстар мен алдағы міндеттер еліміздің білім беру жүйесін әлдеқайда жетілдіруге мүмкіндік береді.
Бұл бағыттағы ұсыныс-пікірлердің ескерілуі мен жүзеге асырылуы жоғары білім саласында сапаны жақсартып қана қоймай, халықаралық аренада еліміздің жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал ететіні сөзсіз. Осындай форумдардың тиімділігі мен үнемі назарда болуы жоғары білім мен ғылымның даму жолында оң өзгерістерге әкелетіні анық.