NAcSIR (National Academy of Scientific and Innovative Research) ұйымдастыруымен өткен «Жылдың үздік студенті — 2024» халықаралық байқауы еліміздің жоғары оқу орындарымен қатар, Азербайджан, Тәжікстан және Өзбекстанның студенттері арасында да үлкен қызығушылық тудырды. Байқау әлемнің бірнеше елдерінен келген студенттердің білім мен шығармашылық деңгейін сынап, үздіктерді анықтауға бағытталды.
Байқауда Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің АиУ-23-2 тобының студенті Сағыныш Мұратбекова ерекше көзге түсті. Оның «Техникалық бағыттағы жоғары оқу орындарында философия пәнін оқытудың тәрбиелік маңызы» тақырыбындағы шығармашылық жұмысы байқау комиссиясы тарапынан жоғары бағаланды. Сонымен қатар, студенттің осы уақытқа дейінгі ғылыми жетістіктері де ескеріліп, II дәрежелі Дипломмен марапатталды.
Сағыныш Мұратбекова Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінде білім алуда. Оның ғылыми еңбектері философия мен техникалық білім саласының бірлігін нығайтуға бағытталған. Бұл жетістік университет үшін үлкен мақтаныш болып табылады. Байқаудың марапаттау рәсімі Астана қаласында, Әзірбайжан Мамбетов атындағы Жастар сарайында өтті.
Студентіміздің жетекшісі «Әлеуметтік-гуманитарлық пәндер мен Қазақстан халқы ассамблеясы» кафедрасының доцент м.а., PhD докторы Нұрсұлтан Сарсенбеков өз шәкірті Сағыныш Мұратбекованың жетістігін ерекше атап өтіп, оның алдағы уақыттағы ғылыми жұмысында да жоғары жетістіктерге жететініне сенім білдірді.
Бұл халықаралық байқау студенттердің ғылыми және шығармашылық қабілеттерін көрсетуге үлкен мүмкіндік беріп, еліміздің білім жүйесін дамытудың маңызды қадамдарының бірі болып табылады. Сағыныш Мұратбекованың жеңісі тек оның жеке жетістігі ғана емес, Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің де білім саласындағы жоғары деңгейін айқындайды.