Еске сала кетейік, озық ғылыми технологияларды трансферттеу мақсатында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әлемнің жетекші зерттеу орталықтарында біздің 500 ғалымның жыл сайынғы тағылымдамадан өтуін қамтамасыз етуді тапсырды. Бұл тағылымдамалар шетелдік жетекші жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында, ғылыми орталықтарда және салалық ұйымдарда ғылыми, ғылыми-техникалық кадрлардың біліктілігін арттыруды мақсат етеді.
Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің «Қазақ тілі және мәдениеті» кафедрасының доценті Қаламқас Қалыбекова да осындай тағылымдамадан өтуге құқық беретін Қазақстан Республикасының «Болашақ» халықаралық бағдарламасы шеңберінде ғылыми қызметкерлер мен оқытушыларға арналған халықаралық стипендияның иегері атанды. Осының арқасында ол 2024 жылдың 3-ақпаны мен 3-желтоқсаны аралығында Түркия Республикасындағы Кастамону университетінде тағылымдамадан өтті.
Тағылымдаманың ғылыми бағытына сәйкес Қ. Қалыбекова Scopus базасында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті (ҒЖБСҚК) ұсынған журналдарда бірнеше мақала жариялады. Тағылымдама барысында ол Стамбул, Ақсарай, Анкара, Эскишехир, Конья қалаларындағы семинар-тренингтерге, халықаралық симпозиумдарға, конференцияларға, халықаралық конгрестерге қатысып, тиісті сертификаттар алды. Сондай-ақ, Кастамону университетінде Түрік аудиториясы үшін қазақ тілі бойынша дәріс оқыды.
Қ.Қалыбекова университеттегі ғылыми жұмысымен қатар қазақстандық ғалымдармен және студенттермен бірге Халықаралық әйелдер күнін, ұлттық мәдениеттің шетелде танымал болуына оң ықпал ететін Наурыз мерекесін, ұлттық қазақ киімдері күнін атап өтіп, басқа да қоғамдық іс-шараларға белсенді қатысты. Мұның бәрі тағылымдама туралы ұмытылмас әсер қалдырып, білім аясын кеңейтіп, тәжірибемен байыта түсті.