«Мансап Start» бос орындар жәрмеңкесі: түлектер мен жұмыс берушілерді байланыстыру алаңы


Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінде Мансап және кәсіби даму орталығының ұйымдастыруымен «Мансап Start» бос орындар жәрмеңкесі өтті. Шарада болашақ түлектер жұмыс берушілермен тікелей байланыс орнатуларына мүмкіндік алды. Бос орындар жәрмеңкесіне 1500-ге жуық соңғы курс студенттері қатысты.

Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер бойынша проректор Бекболат Нүсіпбеков студенттерге арнайы шақыртылған қонақтарды таныстырып, түлектерге ақ жол тіледі.  Сонымен қатар, Басқарма мүшесі — әлеуметтік –тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Абай Калыков өз сөзінде: «Қазір техникалық мамандықтарына сұраныс көп. Біз сол сұранысқа сай болуға, білімді мамандар даярлауға тырысамыз. Университетімізде металлургия, машинажасау, IT, энергетика, құрылыс, және басқа да салалар бойынша түлектердің 89%-ы жұмысқа орналасады»- деп атап өтті.

Жәрмеңкеге арнайы қонақ ретінде Қарағанды облысының «Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы» басшысының орынбасары Төлеу Мұхтар және Қарағанды облысы бойынша Еңбек мобильдігі орталығының басшысы Нұржан Сыздыков шақыртылды. Олар болашақ мамандардың назарына арнайы презентацияларын ұсынып, еңбек нарығындағы өзекті сұраныстар туралы пайдалы кеңестер берді. Ал студенттер қауымы түйіндемелерін ұсынуға, компания өкілдерімен жеке сөйлесуге және кәсіби сұрақтарына жауап алуға мүмкіндік алды.

Бос орындар жәрмеңкесіне өңірдің жетекші 80-ге тарта компаниялары, ұлттық және халықаралық ұйымдар, сондай-ақ мемлекеттік мекемелер қатысты. Олар өз салаларындағы бос жұмыс орындарын, тағылымдамалар мен мансаптық мүмкіндіктерді ұсынды.

-Мұндай жәрмеңкелер жұмыс берушілер мен университет арасындағы байланысты нығайтып қана қоймай, студенттерді еңбек нарығына дайындап, компаниялардың білікті мамандарды іріктеуіне көмектеседі, -дейді SILK ROAD Electronics кәсіпорының HR-менеджері Кенже Тұңғышбаева

Жәрмеңке студенттердің кәсіби тұрғыда өсуіне маңызды қадам жасауына себеп болып, олардың еңбек нарығында өз орнын табуына бағыт берді.

Без рубрики