Бүгін, 2-тамызда Қарағанды өңіріне жұмыс сапары аясында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Әбілқас Сағынов атындағы ҚарТУ-ға келді.
Делегация құрамында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бауыржан Смағұлов, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің ректоры Нұрлан Дулатбеков, Қарағанды индустриалды университетінің ректоры Бақыт Жәутіков, Қарағанды қ. Медицина университетінің ректоры Анар Тұрмұхамбетова бар.
Сапар барысында қонақтар «Энергетикадағы цифрлық технологиялар», «Тау-кен ісіндегі перспективалық технологиялар», «Көліктегі цифрлық технологиялар» ғылыми-білім беру кешендеріне, метан энергетикасының сынақ зертханасына, инженерлік бейіндегі сынақ зертханасына, геосканерлеу орталығына, «Нанометаллургиялық процестер» зертханасына барды.
Зертханалар базасында университет студенттері, магистранттары, докторанттары (PhD) және ғалымдары үнемі тәжірибеден өтеді, біліктілігін арттырады және ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Зертхана өнеркәсіптік сектормен белсенді түрде ынтымақтасады және тұрақты негізде тапсырыстар мен зерттеулерді орындайды.
Саясат Нұрбек ұсынылған зертханалармен және ғылыми-білім беру кешендерімен танысқанына ризашылығын білдірді. Жалпы ЖОО-ның профессорлық-оқытушылық құрамының жұмысына жоғары баға берді.
Сапар соңында Саясат Нұрбек университет ұжымын қол жеткізген жетістіктерімен тоқтап қалмауға, алдына одан да жоғары мақсаттар мен міндеттер қоюға шақырды. Және оларды ортақ істің игілігі үшін табысты іске асыруды тіледі.