«Серпін» бағдарламасы жастарға жаңа мүмкіндіктер ашады


10-14 маусым аралығында Түркістан облысында «Серпін» бағдарламасы аясында жоғары білім көрмесі басталды. Бұл шара – халқы тығыз орналасқан еліміздің оңтүстік аймақтарындағы жастарды Қазақстанның батыс, шығыс және солтүстік өңірлерінде оқытып, жұмысқа орналастыру мақсатында ұйымдастырылды.

Көрмеге еліміздің 23 жоғары оқу орындарының өкілдері қатысты. Жоғары білім алуға қызығушылық танытқан жас түлектер мен олардың ата-аналарына түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Түркістан облысындағы алғашқы жоғары білім көрмесі Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде өтті. Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің өкілдері Сарсенбеков Нурсултан мен Амантаев Нурболат түркістандық түлектерді оқуға шақырды. Олар университеттің білім беру бағдарламалары мен мүмкіндіктерін, факультеттері мен мамандықтары туралы таныстырып, толық ақпараттармен бөлісті.

Биыл «Серпін» бағдарламасына мемлекеттен 3903 грант берілді. Оның 2500-ден астамы педагогикалық бағытта болса, инженерия және құрылыс саласына 700-ге жуық, ІТ мамандығына 300 және ауыл шаруашылығы бағытына 70 грант бөлінді.

«Серпін» бағдарламасы бойынша білім беру гранттары туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары 12-маусым күні Шымкент қаласындағы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде, 13-маусым Жетісай аудандық мәдениет үйінде және 14-маусым Сарыағаш аудандық мәдениет үйінде жалғасады.

Без рубрики