Әбілқас Сағынов атындағы ҚарТУ ғалымдары «Qarmet» АҚ бөлімшесінің басшысымен техникалық кеңеске қатысты


«Qarmet» АҚ Көмір департаментінің Қарағанды тиеу-тасымалдау басқармасының базасында ҚТТБ басшысы Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің ғалымдарымен техникалық мәжіліс өткізді.

Мәжіліске: «Qarmet» АҚ КД ҚТТБ бастығы А.Н. Мануйленко; Әбілқас Сағынов атындағы ҚарТУ-ның атқарушы директоры, т. ғ. д., профессор А.З. Исағұлов, ҒжИД инновация және ғылым бөлімінің бастығы Р.К. Әзілханов; жол-көлік факультетінің деканы, PhD Б.Ш. Асқаров; «профессор А.Н. Данияров атындағы өнеркәсіптік көлік» кафедрасы меңгерушісінің м. а., PhD А.Д. Қасымжанов; осы кафедра доцентінің м. а., т. ғ. к. А.В. Рожков қатысты.

Кездесу барысында Әбілқас Сағынов атындағы ҚарТУ базасында қызмет ететін «Корпоративтік университет» инновациялық-білім беру консорциумы туралы Келісім шеңберінде ынтымақтастық туралы бірқатар өзекті мәселелер талқыланды. Оның ішінде, шаруашылық шарттар жасасу, кәсіпорын қызметкерлерімен авторлық бірлестікте мақалалар мен тезистерді дайындау және жариялау, студенттердің өндірістік және диплом алдындағы практикасы, кәсіптік бағдар беру жұмысы, түлектерді жұмысқа орналастыруды қамтамасыз ету, білім беру бағдарламасын өзектендіру туралы болды.

«Qarmet» АҚ ҚТТБ басшылығы мен Әбілқас Сағынов атындағы ҚарТУ ғалымдарының бірлескен мәжілісі жемісті және өзара тиімді болды, алдағы кезеңге арналған стратегиялық міндеттер белгіленді. Поезды жүргізу режимін оңтайландыру бойынша бірлескен ғылыми жұмыстар мен эксперименттік зерттеулердің нәтижелері бойынша ӨК кафедрасы мен «Qarmet» АҚ КД ҚТТБ арасында 10 млн теңге сомасына ҒЗТКЖ орындауға шаруашылық шарт жасасу болжанады. Жоба өнеркәсіптік кәсіпорындардың темір жол кірме жолдары бейінінің элементтерінен поездың бағыты мен қозғалыс жағдайларын әзірлеу және тепловозды басқарудың оңтайлы режимін құру сияқты өзекті мәселелерді қамтитын болады.

Без рубрики