ӘБІЛҚАС САҒЫНОВ АТЫНДАҒЫ ҚАРАҒАНДЫ ТЕХНИКАЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ 70 ЖЫЛДЫҚ МЕРЕЙТОЙЫ ЖЫЛЫНДА ЖАҢА МАҢЫЗДЫ ЖЕТІСТІГІ


Абай атындағы ҚазҰПУ-да (Алматы қ.) өткен салтанатты рәсімде білім беру және ғылыми зерттеулер саласындағы үздік жетістіктері үшін Қазақстанның 21 жоғары оқу орнының ректорлары QS World University Rankings-2024 естелік белгісін және сертификатын алды.

Осы үздік қазақстандық жоғары оқу орындарына, оның ішінде өзінің жоғары халықаралық беделі мен көшбасшылық позициясын қайта растаған Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетіне лайықты озаттық белгілерін QS Quacquarelli Symonds рейтингтік агенттігінің президенті және негізін қалаушы Нунцио Квакварелли мырза табыс етті. Біздің университет алғаш рет 2018 жылы университеттердің ең беделді әлемдік рейтингтерінің бірі –QS WUR-дағы «үздік» жоғары оқу орындарының қатарына енді және сол кезден бастап бәсекелестіктің артуына қарамастан, қазақстандық жоғары оқу орындарының алғашқы ондығында берік позицияны сақтап келеді.

Бұл оқиға біздің университеттің 70 жылдық мерейтойы жылындағы тағы бір маңызды жетістігі болды. Күздің басында университетке QS Stars әлемдік рейтингінің «4 артықшылық жұлдызы» берілді, ал таяу күндері ол QS World University Rankings: Asia-2024 рейтингінде ТОП-251+ қатарына енді.

Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті білім беру сапасы мен ғылыми жетістіктерге баса назар аудара отырып, әлемнің үздік жоғары оқу орындары арасында лайықты орын алуды және әлемдік білім беру қоғамдастығында өз позициясын нығайтуды жалғастырады.

Университет оқытушыларының, қызметкерлерінің, докторанттарының, магистранттары мен студенттерінің мыңдаған ұжымын, сондай-ақ біздің стратегиялық серіктестеріміз — Қазақстанның жетекші өнеркәсіптік компанияларын осы маңызды жетістікпен құттықтаймыз!

Без рубрики