Мұнымен тоқтап қалмаңыздар


7 шілде күні Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің Жастар сарайында Энергетика, автоматика және телекоммуникация факультетінің 305 түлегіне салтанатты түрде бакалавр дипломдарын тапсыру рәсімі өтті.

Академиялық жұмыс жөніндегі проректор – Басқарма мүшесі Темербаева А.М. түлектерге Басқарма Төрағасы-Ректор, техника ғылымдарының докторы, профессор, ҚР әл-Фараби атындағы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты М.К. Ибатовтың құттықтау сөзін және жылы лебізін жеткізді.

Факультет деканы Ф.Н. Булатбаев, бітіруші кафедралардың меңгерушілері Е.Г. Нешина, В.В. Югай, Н.Б. Калиаскаров, рухани-адамгершілік тәрбие жөніндегі университет кеңесінің төрағасы, профессор К.Б. Қызыров құттықтау сөз сөйледі.

Өткен жылдардың түлектері – «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС жетекші инженер-жобалаушысы Ж.А. Идрис, Краковтан (Польша) инженер-бағдарламашы А. Ковальский өз бейне үндеулерінде болашақ мамандарды жеткен жетістіктермен тоқтап қалмауға, өздерінің білім қорын үнемі толықтыруға, алдына неғұрлым жоғары мақсаттар қоюға және оларды іске асыруға қол жеткізуге шақырды.

Түлектердің болашақ өмірін анықтайтын өте маңызды кезең өтті. Олар сұранысқа ие мамандықтарды алды және магистратурада оқуын жалғастырса да, өндіріске барса да, әлде бизнеспен айналысса да өздері шешеді – алдарында барлық жолдар ашық. Оқытушылар мен тәлімгерлер түлектерге берік білім беру үшін қолдан келгеннің бәрін жасады. Қалғаны түлектердің өздерінің қолында. Үмітімізді ақтайды деп үміттенеміз. Қандай жол таңдаса да – университеттің арына дақ түсірмейді деп сенеміз.

Без рубрики