Бір рет көрген жақсы


Абылқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінде «Байланыс технологиялары және жүйелері» кафедрасының пәндік аудиториясында байланыс ардагері Ережеп Сәрсембаевтың жеке бастамасымен талшықты-оптикалық және кабельдік желілер бойынша зертханалық кабинет ашылды.
Кабинет заманауи жабдықтар мен коммуникациялық технологиялар туралы көрнекі ақпаратты қамтитын стендтермен жабдықталған.

«Ережеп Әбенұлы — біздің кафедраның беделді және құрметті оқытушыларының бірі. Үлкен практикалық тәжірибесі бар адам және біздің студенттерге осы кабинетті өз қолымен жабдықтаған кәсіпқой маманның басшылығымен зертханада пайдалы тәжірибе алу сәті түсті», – дейді кафедра меңгерушісінің м.а. Н.Б. Қалиасқаров.

Бүгінгі таңда «Радиотехника, радиоэлектроника және телекоммуникация» білім беру бағдарламасы бойынша білім алған 150-ден астам студент болашақта «Қазақтелекомға» келген кезде бірден жұмысқа кірісуі үшін теориялық білімдерін практика жүзінде бекітеді.

Е.А. Сәрсембаев «Қазақтелеком» компаниясымен 1968 жылдан бері ажырағысыз қызмет етіп келеді және өз ғұмырында әртүрлі жабдықтардың бірнеше буынын көрді. Өзінің еңбек жолында ол қатардағы монтерден Мичурин ауданының байланыс бөлімінің басшысына дейін көтерілді. Ережеп Әбенұлы Петропавл, Арқалық, Жезқазған, Ақмоладағы станциялардың құрылысына қатысты. 2008 жылы байланысты дамытуға қосқан зор үлесі үшін оған «Құрметті байланысшы» құрметті атағы берілді. Қазір Ережеп Әбенұлы зейнеткерлік демалыста болса да жинақталған білімдерін жас ұрпаққа беруді жалғастыруда.

Без рубрики