НАУРЫЗ МЕРЕКЕСІ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!!!


Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамы– байырғы заманнан келе жатқан “көктемгі жаңару” мерекесі екені белгілі. Наурыз — бес мың жылдан астам уақыттан бері тойланып келеді. Бұл мейрам Орта Азия халықтары, соның ішінде қазақ халқының да ұлттық мейрамы екені баршамызға аян.

Бұл көне мереке Наурыздың тарихына көз салсақ, әлем халықтарының басым бөлігі аталмыш мейрамды әлі күнге дейін тойлап келеді. Бұл мейрам көбінесе Наурыз, Невруз, Навруз, Новруз Байрам деп атаса, ал тәжіктер “гүл гардон”, “бәйшешек”, “гүлнаурыз”, татарлар “нардуган”, буряттар “сагаан сара”, ежелгі гректер “патрих”, бирмалықтар “су мейрамы”, чуваштар “норис ояхе”, тәжіктер “гүл гардон”, “бәйшешек”, “гүлнаурыз”, хорезмдіктер “наусарджи” деп түрліше атайды.

Наурыз мерекесі күні — қасиетті күн. Данышпан ата-бабаларымыз бұл күнді табиғаттың айрықша белгілерін ескере отырып белгілеген. Наурыз айын ерекше қасиеті бар ай ретінде бағалаған. Күн мен түн теңелетін күн, төрт түлік мал төлдейтін ай, табиғаттағы барлық жәндіктер мен өсімдіктерге жан бітетін ай. Қыстың соңы, көктемнің басы жыл құстары келе бастайды. Самарқанның көк тасы жібитін күн. Сол себептен де табиғаттың тылсымы мен ғалам ғажайыптарын терең ұғына білген ата-бабаларымыз бұл күнді Жыл басы деп есептеген. Наурыз шығыс елдері үшін бірліктің, татулықтың, еңбектің, ізгіліктің, бақыттың мерекесі ретінде тойланған. Сондықтан да болар, бұл күні шаттанбайтын, қуанбайтын, мейірленбейтін адам болмаған.

Бұл күні жақсы тілек тілеу, құттықтау, кешірім жасау, табысу сияқты адамгершілік қасиеттер көрініс тауып, кейінгі ұрпақтар сондай жақсы өнегеден үлгі алған. Наурыздың айрықша тәлім-тәрбиелік, үлгі-өнегелік, сән-салтанаттық, мәрт-жомарттық, қадір-қасиеттілік нышан белгілері мен таным ұғымдарының үлгі түрлері өте көп. Оның барлығы әр адамды жоғары саналылыққа, әдептілікке, өнегелікке, бауырмалдыққа, көргенділікке, ізгілік пен білімділікке баурайды. Наурыз мерекесін асыға күтетініміз, ерекше даярланатынымыз содан болса керек. Ұлыстың ұлы күні жұмыс істемейді, іс бастамайды, ешкімді ренжітпейді, өзі де ренжімейді, дауыс көтермейді, әбес сөйлемейді, шарап ішпейді, құрбандық шалмайды. Бұл күні барлық даланы Қызыр ата аралайды деп үйінің есігін ашып отырады. Жастар үлкен кісілерден бата сұрайды, жігіттер қыздарға сый-сияпат жасайды. Ренжісіп қалған азаматтар бір-бірінен кешірім сұрайды.

2022 жылдың 18 наурыз күні  Наурыз мейрамын ұлықтау мақсатымен  Жоғары математика кафедрасының оқытушылары қазақ халқының Наурыз мейрамын тойлауын көрсетуге бағытталған мерекелік іс-шара өткізді.
Іс-шараны дайындауға және өткізуге кафедраның профессорлық-оқытушылық құрамы және ОП-21-2, Лог-21-2 топ студенттері қатысты.

Қонақтарға байлық пен молшылықты бейнелейтін бай дастархан жайылды. Мерекелік дастархандағы басты дәм — Наурыз көже болды. Бұл тағамның жеті құрамдас бөлігі тірліктің жеті элементін білдіреді. Доцент міндетін атқарушы  Шаихова Г.С. келген қонақтарды наурыз көженің жасалу тәсілімен таныстырып, барша қонақтарға жасалған Наурыз көжеден дәм татқызды. Қазақтың салт-дәстүрі бойынша профессор С.Қ.Тутанов бата берді.

Жер бетіндегі барша адамзаттың бірлігі, нұр мен ізгілікті бейнелейтін  Наурыз мерекесі сәтті өтті. Кафедра ұжымы осы іс-шараны дайындауға және өткізуге белсене атсалысқан қонақтарға, студенттерге алғысын білдіреді.

Без рубрики