Кураторлық сағат Тақырыбы: «құрмет, қайғы, мақтаныш – желтоқсан»


Факультет: ИТФ
Кафедра: АЕЖ
Мамандық: АЖ, МКМ
Курс: ИС-18-1, МКМ-18-1
Күні: 20.11.2020 Уақыты: 14:00
Студенттер саны: 63 адам.

 

Іс-шараның тақырыбы:

«Ар намысым, қасіретім, мақтанышым – Желтоқсан»

Жоспар:

1.Алғы сөзі (Сейпишева Э.К.)

2. Іс-шараның мақсаты мен міндеттері.

3.Жүргізушілер сөздері

4.Қонаққа сөз беріледі

5. «Желтоқсан желі» әні

6.Өлең жолдары (Аманжолова Н., Төлеген Н.,Сусар Ж.)

7. Күй (Канапин Диас)

8. Көрініс

9. Қайраттың анасының жоқтауы МКМ-18-1 Төлеген Нарқыз

10. Әнұран

11.Қорытынды (Сагатбекова Д.Е.)

1. Алғы сөз. (Сейпишева Э.К.)

Армысыздар құрметті қонақтар, оқытушылар, студенттер. Бүгін біздің еліміздің сан мың жылдар бойы найзаның ұшымен, еліміздің ерен ісімен, кешегі дүниені дүр сілкіндерген Желтоқсан оқиғасымен келген тарихымызда алтын әріптерімен жазылып қалған «Ар намысым, қасіретім, мақтанышым – Желтоқсан» атты іс-шарамызды ұсынамыз.

2. Іс-шараның мақсаты:

1.1986 жылғы желтоқсанда орталықтың әміршіл — әкімшіл солақай саясатына қарсы алғаш рет бас көтеріп демократия жолында құрбан болған ұл қыздарымыздың ерліктері жайында түсінік бере отырып, жастардың алаңға не себепті, қандай мақсатпен шыққандығын жете түсіндіру.

Іс-шараның міндеттері:

Тәрбиелік: Өз Отанына, туған жеріне деген сүйіспеншілігін арттыра отырып, өз ана тілін, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін сақтай білуге патриоттық сезімге тәрбиелеу.

Дамытушылығы:

Әрбір жеке тұлғаның еркін сөйлеп, өз пікірін, ойын айта білу қабілетін дамыту. Көрнекіліктері: Қайрат Рысқұлбеков, Сабира Мұхамеджанова, Ербол Сыпатаев, Ләззат Асанова слайд суреттері. Көрініс.

1-жүргізуші: (Кулсариева Аида) Желтоқсанда шындық жырын шырқаймын деп шарқ ұрдың, Желтоқсанда егеменді ел болсақ деп талпындың. Айналайын, айналайын жас өркені халқымның. 2-жүргізуші: (Теңел Балжан) Желтоқсанда шындық жырын шырқаймын деп шарқ ұрдың, Желтоқсанда егеменді ел болсақ деп талпындың. Кеудеңде әлі сызы жатыр сол кездегі салқынның, Айналайын, айналайын жас қайраты халқымның. Темір қолдар қуатты еді алқымыңды қаусырған Намысыңды жықпай өттің нәубе, дүлей маусымнан. Жалғыз қалған шақтарымда жігер алдым бойыма Түрме торын жарып шыққан сенің қайсар даусыңнан. Өсер елдің қай сәтте де бірлік болмақ қалауы, Лаула, лаула, желтоқсанның мұзға жаққан алауы. Өздеріндей ер намысты жас өркені бар елдің, Ешқашанда еңкеюге тиісті емес жалауы! 1-жүргізуші: (Кулсариева Аида)

Есті ерлер жүрмейді желік ертіп, Елеулі іске қосар емірентіп. Бүгінгі кеш қонағы апайымыз Сөз сөйлесін баршаны тебірентіп,-дей отырып, Абилдина Бағдат Қуатқызына сөз береміз.

2-жүргізуші: (Теңел Балжан) Енді міне, осы Желтоқсан көтерілісіне қатысқан ағаларымыз бен апаларымыз үш ғасырға жуық уақыт бойы армандаған тәуелсіздікке қол жеткізді.

Сейпишева Э.К.: «Желтоқсан желі» әнін хабарлайды (Шахманова З.М.)

1-жүргізуші: (Кулсариева Аида) Келесі өлең жолдарын ИС-18-1 тобының студенті Аманжолова Наргиз оқиды Жас арудың жанарында – Желтоқсан, Қанды ғасыр табанында – Желтоқсан. Қаралы өмір қайыстырған халқымның, Қара тұман қабағында – Желтоқсан. Жауыздықты жасқаған да – Желтоқсан,

Жаңа ғұмыр бастаған да – Желтоқсан. Жазықсыздың көз жасына жуынып, Абақтыға тастаған да – Желтоқсан. Намысымның шырағы да – Желтоқсан, Сұрқай өмір сынағы да – Желтоқсан. Жігіттердің ұраны да — Желтоқсан, Жаңа күннің шуағы да – Желтоқсан.

2-жүргізуші: (Теңел Балжан) Алаңға шығып өз ойларын айтуға тырысқан қазақтың өрімдей қарусыз жастарына солдаттар мен милиция қызметкері қарсы қойылды. Қыз жігіттерді аяусыз таяққа жықты, түрмеге қамады. Ербол, Ляззат, Сабира сынды жаңа ғана бүршік атып келе жатқан тал шыбықтай жастарымыздың өмірін үзді. 1-жүргізуші: (Кулсариева Аида) Иә, ізгілік атаулыдан күдер үзіп, ең соңғы үміті, бар сенімі күйреген, рухани езілген балаң жігіт Қайрат. Қайрат есіл ер көзі тірісінде жазған өлеңдері адам жүрегін тебірентеді. Соның бірі «Менің тағдырым». МКМ-18-1 тобының студенті Төлеген Нарқыз: Өмір бойы жолым болып көрмеді, Жылап келем бұл дүниеге келгелі. Қайғы шаңы басты менің денемді, Түспейді шаң сілкінсем де мен енді. Жолдаған сәлемімді дос алмады, Шын ба екен-ау тас керең боп қалғаны. Айта берем, айта берем қайбірін, Ауыр менің, ауыр менің тағдырым. Тағдыр мені аямады, қорлады, Жалынсам да, жыласамда болмады. Қараңғы өмір бақытым жоқ, жоқ менің, Армандаған ақ сәулеге жетпедім. 2-жүргізуші: (Теңел Балжан) Келесі өлең шумақтарын МКМ-18-1 тобының студенті Канапин Диас орындауында тамашаланыздар Тұрса да биік өр басын, Қазаққа бақыт орнасын. Сексен алтыншы жылғыдай, Желтоқсан желі болмасын! Күн кешіп лапылдаған жастарым,

Дүрліктірді желтоқсанның аспанын. Жерді, дінді, тілді баба дәстүрін Қорғау үшін көтерді олар бастарын.

1-жүргізуші: (Кулсариева Аида) Күй «Көңілдің толқыны» орындайтын МКМ-18-1 тобының студенті Канапин Диас

1-жүргізуші: (Кулсариева Аида) «Шеру ұйымдастыруға қатысы бар» деген жалған айыппен қаншама зиялы азаматтар жазаланды, жұмыстан қуылды. Бірақ ол үшін жауапқа тартылған ешкім болған жоқ. 2-жүргізуші: (Теңел Балжан) 1986 жылғы 16 желтоқсан күні Д.Қонаевтың орнына Колбин келіп, 17-сі жастар Брежнев атындағы алаңға бейбіт және саяси шеруге шығады. Шеруге шыққан жастарды саперлік күрекпен, дубинкамен, су атқыш машинамен, итпен таратады.

Сагатбекова Д.Е. Көріністі хабарлау.

Автор: 18 желтоқсан Қайраттың үйі. Қайрат пен жеңгесі дастархан басында отырады. Үйге кенеттен милиционер жігіт кіріп келеді. Милиция: (Максат) Біз органнан келдік. Қайрат Рысқұлбеков деген азаматты тұтқындауға прокурордың санкциясы бар. Жеңгесі: (Алайдар Аида) Қайрат, бері кел. Милиция: Тез жинал, бізбен бірге кетесің. Жеңгесі. Ойбай-ау бұларың не? Жұдырықтай баланың не жазығы бар еді? Әке-шешесіне не бетімізді айтамыз. Милиция: Жеңеше, сабыр етіңіз! Бұл жігіт бір төбелеске қатысыпты. Анық – қанығын тексерген соң қайтарып жібереміз. Автор: (Осы кезде Қайратты милиционер алып кетеді.) Автор: Түрме іші, қолында қағазы бар Қайрат отыр. Қинала отырып «Түрме жыры» өлеңін оқып шығады. Содан кейін қатты шаршап, былай дейді:

Алишер:

«-Уһ, әбден шаршадым-ау, жүйке тамырым жұқарды ғой! Қайран бостандық!!!

Жалалы боп, қатты батты жаныма,

Жазалаушы қағаз алдым қолыма.

Жігіттер-ай, айтып-айтпай не керек,

Жазған екен маңдайыма сорыма.

Біріншіден, мен сағындым анамды,

Екіншіден, бұл құдайға не қылдым?

Бостандықта еркін жүрген жан едім,

Енді, міне, абақтыға жабылдым.

Кезекші: Заключенный Рыскулбеков на допрос.

Тергеуші: Айыпкер Рысқұлбеков, сен Мир мен Сәтбаев көшелерінде жасақшыларды көрдің бе?

Алишер: Егер ол көшеге бармасам оларды қайдан көремін?

Тергеуші: Савицкийді сен өлтірдің бе?

Алишер: Жоқ, өлтірген жоқпын?

Тергеуші: Сенің ұрып жатқаныңды біреу көріпті ғой.

Алишер: Олай болса мені сол адаммен беттестір, бұл өтірік жала. Жолдас тергеуші, бұл жала ғой! Өлтірмеген адамды өлтірдім деп қалай мойындаймын, адам түгіл тышқанды да өлтіріп көрген емеспін. Не үшін? Ешқандай қылмысым жоқ.

Автор: Қайрат Рысқұлбековтің ата-анасына жазған «Соңғы хаты»

Алишер

«…Иә, мен сiздерден еш жасырмаймын, мен 18 желтоқсан 1986 жылы алаңға бардым, көпшiлiкпен бiрге. Барғанда да Қонаевтың күйiн күйттеп барған жоқпын. Тек қана, ол жерге барған себебiм, бар мақсатым, бiрiншiден, ол жерде не болып, не iстеп, не қойып жатқанын өз көзiммен көру болды. Екiншiден, алаңда қазақтың уыздай жас қыздарын ұрып-соғып, өлтiрiп жатыр дегендi елден естiген соң, өз басым қолымды жайып «күл болмасаң, бүл бол» деп отыруға еркектiк ар-намысым еш жетпедi. Ер қатарында ер қара боп, саны бар, сапасы жоқ боп, ербеңдеп жүрген намыссыз еркек мен емеспiн, құдайға шүкiршiлiк, менiң де көркейген кеудемде нағыз ерге лайық «намыс» баршылық.

Оның үстiне «қыздың жолы жiңiшке» деген. Менiң түсiнiгiмше, әйел адамға ер адамдар тұрмақ, аң екеш аңдардың, хайуандардың еркегi де ұрғашысына мүйiз, я болмаса тұяғын көтермейдi. Ал, бiз бәрiмiз де аң емес, адамзаттың ұлы — адамбыз, сондықтан, ер адам әйел затына қол көтерiп, қол жұмсауға тиiс емес, әуелi еш правосы жоқ. Мiне, қысқаша айтқанда, осындай түсiнiкпен, әйел затына ер болып өз қолұшымды берiп, көмектесуге, оларды арашалап-қорғау үшiн барғаным рас. Сол жерде

қолымнан келгенше бiр көмегiмдi бергенiм де рас. Ол үшiн әлi күнге дейiн еш өкiнбеймiн, керiсiнше, үлкен мақтаныш тұтамын. Бiрақ та, бiр Құдай өзi куә, адам баласын еш өлтiргенiм жоқ. Мұндай айуандық жасаудың өзi, сормаңдай менiң қолымнан келмейдi. Еш уақытта, ешқашан да…

Ал, әйел затына айуандықпен қол көтерiп, шашынан тартып, көкпарша сүйрегенi үшiн бiр милицияны ұрып-соққаным өте рас. Ол адам күнi бүгiнге дейiн аман-есен зыр жүгiрiп жүр. Өз қолыммен жасаған бар терiс қылық, бар қылмысым осы ғана».

Тергеуші: Әкетіңдер, құртыңдар, атыңдар!

Алишер:

Тоқта! Айтар сөзім бар.

Күнәдан таза басым бар,

Жиырма бірде жасым бар.

Қасқалдақтай қаным бар,

Бозторғайдай жаным бар.

Алам десең алыңдар.

Қайрат деген атым бар,

Қазақ деген затым бар.

«Еркек тоқты – құрбандық»,

Атам десең атыңдар.

Автор: (Қайратты кісендеп алып кетеді.)

1-жүргізуші: (Кулсариева Аида) Қайраттың анасының жоқтауы МКМ-18-1 Төлеген Нарқыз

Қайрат Рысқұлбековтың анасының жоқтауы:

Елім, елім, елім деп,

Ар-намысын сақтаған.

Бұйырғанда өлімге,

Кірпігін де қақпаған.

Батыр бабаң Бауыржан,

Қолдады ма, қарағым,

Желтоқсанның шыдадың,

Толғағына, қарағым.

Арман, арман, арман көп,

Айтылар теңеу қалған жоқ,

Қысқа ғұмыр сүрсең де,

Таң қалдырған қарағым!

Алатауға абиыр,

Алып берген қарағым!

Ерлік жолын халқыңа,

Салып берген қарағым!

Мамық болсын қара жер,

Жатқан жерін жарық боп,

Бақұл бол, бақұл әй, көкем,

Тәубе, тәубе, тәубе етем!

2-жүргізуші: (Теңел Балжан) Тәуелсіздіктің түп тамырына желтоқсан оқиғасының тікелей байланысы бар екеніне ешкім дау айта қоймас. Десек те, 1986 жылдың қайғылы желтоқсаны бір күнгі немесе бір жылғы наразылықтың көрінісі болмаса керек.

1-жүргізуші: (Кулсариева Аида)

Шайқалмасын ешкімнің шаңырағы, Бақыт көрсін Отанның сан ұланы. Енді ағайын, көгінде қалықтасын, Қазағымның қастерлі — Әнұраны!

«Әнұран»

Қорытынды: (Сагатбекова Д.Е., қонақтарға сөз беріледі)

Желтоқсандық өрендер ұмытылмайды, ерліктері мәңгілік сақталады.

Желтоқсан оқиғасы біздің еліміздегі дүние жүзіне мойындатқан күн. Тәуелсіздік алған 1991 жылдың 16 желтоқсаны — ел тарихында кейінгі ұрпақ мәңгі қастерлеп, ардақтап өтетін күн. Алдағы келе жатқан тәуелсіз елдігіміздің ұлық мерекесі Тәуелсіздік күні құтты болсын!!

Без рубрики