Вице-премьер Бердібек Сапарбаев Қарағанды облысының жастарымен ҚарМТУ-да кездесті


4-ші қазан күні Қарағанды мемлекеттік техникалық универсиетінде Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев облыстың белсенді жастарымен кездесіп,  пікір алмасты.

Өзара еркін сұқбат түрінде өткен басқосуға облыстық жастар қозғалысы мен мемлекеттік емес ұйымдардың көшбасшылары, ЖОО мен колледждердің белсенді студенттері, жас ғалымдар, волонтерлер, жұмыскерлер мен ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп жүрген жас мамандар қатысты.

Кездесу барысында ҚарМТУ ректоры, т.ғ.д., профессор Марат Ибатов Бердібек Сапарбаевты білім ордасының оқу бағдарламасына жаңадан енгізілген оқыту бағдарламаларымен, инновациялық ақпараттық технологиялармен, «Корпоративті Университет» консорциумының,  Қазақстан қайта құру және дамыту көппрофильді институтының жұмысымен таныстырып, университет ғалымдарының ізденістерін коммерциялық жобаларға айналдыру,  «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жүзеге асырылуы, Жастар жылы аясында жасалып жатқан игі істер және  халықаралық, республикалық және облыстық деңгейдегі жарыстарда жүлделі орындарды иеленген ЖОО студенттерінің жетістіктері жайлы әңгімеледі.

Кездесуде сондай-ақ жастар саясатын жүзеге асыру, еріктілер қозғалысын дамыту, этносаралық толеранттылықты қалыптастыру, бос уақытты өткізу, жастар кәсіпкерлігін дамыту, жұмысшы мамандықтардың беделі сияқты түрлі тақырыптарда ой қозғалды.

Өзара диалог форматында жүргізілген басқосуда жас ғалым, ҚарМТУ-дың студенті, жақында ғана  өз командасымен бірге қоғамдық көлік қызметінің сапасын бақылайтын Road guard жобасымен Халықаралық  IT-Week – 2019 форумында бас бәйгені (500 мың теңге) жеіңп алған Екатерина Казанцева сөз сөйлеп,  жас ғалымдарға берілетін шәкіртақыға қоса, ғылыми жұмыспен айналысатын студенттерге де шәкіртақы тағайындау жөніндегі ұсынысын айтты.  Сонымен қатар кездесуде Е.А. Бөкетов атындағы ҚарМУ-нің студенті Ольга Калмыкова, «Жас кәсіпкер» бағдарламасының қатысушысы Александр Концевич, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ домна пешінің 6-санатты жұмысшысы Мұстафа Абдоллаұлы, ауыл кәсіпкері Біржан Иманов, қайырымдылық қорының басшысы Жансая Каменова және ерікті жас Дәурен Рахымбек ой-пікірлерімен бөлісті.

Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев өз кезегінде мемлекеттік жастар саясаты саласындағы модернизацияның негізгі бағыттары туралы баяндап, алға қойылған міндеттерді орындау үшін жасалып жатқан дұрыс та оңтайлы шешімдерді тілге тиек етті.

Бүгінгі жастардың еліміздің болашағының кепілі екендігін баса айтқан Бердібек Машбекұлы кездесу соңында студенттер қауымын  ғылым-біліммен терең шұғылданып, еңбекқор болуға шақырып, барлық қатысушыларға ешқашан армандаудан бас тартпай, алған бетінен қайтпай, өз мақсатына жету үшін барыңды салыңдар  деген тілек айтты.

 

Без рубрики