20 қыркүйек күні Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінде мемлекет және қоғам қайраткері, ақын, жазушы Сәкен (Сәдуақас) Сейфуллиннің 125 жылдығына арналған республикалық жас ақын-жазушылар форумы өтті.
Форумның қонақтары Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері Абзал Бөкен және Маралтай Ыбырай студенттермен Сәкен ақынның шығармашылығы, қоғамдық қызметі және жеке тағдыры жайлы сұқбаттасты.
«Форумның мақсаты – ұлт руханиятының жанашыры Сәкен Сейфуллиннің бізге жеткен қымбат асыл мұрасын, шығармаларын насихаттау арқылы келешек ұрпақты адамгершілікке, инабаттылыққа, отансүйгіштікке тәрбиелеу, өткен тарихымызды зерделеу, рухани құндылықтарды үйрету»,- деді оны ұйымдастырушы қазақ тілі және мәдениеті кафедрасының оқытушылары.
Жүздесуді ҚарМТУ-дың профессоры, ардагер ұстаз Ибатолла Арыстан ақсақал жүргізіп, жиналған қауымға форумның ашылуына арнайы әзірленген Сәкеннің өмірі мен шығармашылығына арналған деректі фильмді көруді ұсынды.
Фильмді тамашалап болған соң, жұртшылық ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Абзал Бөкеннің сөзіне құлақ түрді. Ол өзіне дала дауылпазы Сәкеннің 125 жылдық тойына орай өткізіліп жатқан шаралар аясында Қарағанды аймағында ат басын тіреп, бірқатар игі іс-шараларға қатысу бұйырғанын айта келе, Сәкен Сейфуллиннің тар жол, тайғақ кешулі ғұмыры, туған елге сіңірген еңбегі, қалам тербеген салалары мен тақырыптары жайлы әңгіме шертті. Сондай-ақ ақиық ақынның «Ақсақ киік», «Аққудың айырылуы», «Көкшетау» сияқты жан тебірентерлік балладалары, «Бандыны қуған Хамит», «Айша» сияқты повестері, «Тар жол, тайғақ кешу» романы, «Тау ішінде» секілді оқырман қауымға кеңінен танымал, тарихи шындыққа негізделген классикалық шығармалары, әндері мен публицистикасына шолу жасады.
Ақын, мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, ҚР Президенті степендиясының иегері Маралтай Ыбырай ақындық өнердің қыр-сыры, өнер мен өмірді қатар алып жүру жайлы пікірлерін білдіріп, техника саласында білім алып жүрсе де, көркемсөз, поэзиямен шұғылданатын жастарға ағалық ақыл-кеңесін айтты. Жеке туындыларын оқып, студенттерден өнер, әдебиет жайлы ой бөлісуді өтінді.
Қонақтар жастардың сұрақтарына жауап беріп, жас ақындардың қаламынан шыққан өлең жолдарын тыңдады.
Кездесуді қорытындылаған Ибатолла ақсақал келген қонақтарға алғысын білдіріп, жастарға 125 жылдығы тойланып жатқан Сәкеннің даңқын, ақын ағаларының жолын берсін деп бата-тілегін жолдады.