ҚР Білім және ғылым министрі Б. Жұмағұловтың білім саласында Қоғаммен байланыс жөніндегі кеңестің отырысында сөйлеген сөзі. Астана қаласы, 2012 жылғы 24 тамыз.
Құрметті отырысқа қатысушылар!
Қымбатты достар!
Бүгінгі отырысқа қош келдіңіздер. Кеңеске қатысу туралы ұсынысымызды қабыл алғандарыңыз үшін алғысымды білдіремін.
Кеңестің құрамында Парламент депутаттары, белгілі ғалымдар мен қоғам қайраткерлері, халықаралық ұйымдар өкілдері, білім саласы қызметкерлері бар.
Кеңестің осындай сапалы құрамы отандық ғылым мен білімді дамытудың өзекті мәселелерін талқылап, бірлесіп шешім қабылдауға ықпал етеді деп ойлаймын.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласында білім жүйесін жаңарту жұмысын үш басты бағыт бойынша жүргізуді тапсырды. Олар:
1) білім беру мекемелерін оңтайландыру;
2) оқу-тәрбие процесін жаңарту;
3) білім беру қызметтерінің тиімділігі мен қолжетімдігін арттыру.
Осыған байланысты біз білім беру ұйымдарының жұмысына талдау жасаймыз. Ондағы мақсат – жекеменшік және мемлекеттік білім беру мекемелерінде қызмет сапасының әртүрлі болмауын қадағалау.
Оқу-тәрбие процесін жаңарту жұмыстары –педагогтар сапасын арттыру, оқу контентін жетілдіру, электрондық оқыту сияқты жаңа технологияларды енгізу арқылы жүргізілуде.
Білім алуды қолжетімді ету – жоғары оқу орындарына қабылдаудың дәстүрлі жолдары мен әлеуметтік деңгейі төмен топтарға грант бөлу арқылы жүзеге асуда.
Қай заманда болмасын, білім саласы –қоғамның басты назарында. Себебі, кез келген адамның оған тікелей қатысы бар.
Сонымен қатар, білім беру – ұзақ уақытқа созылатын процес. Бүгінгі реформалардың нәтижесі аз уақыт ішінде білінбейді. Оның жемісін бірнеше жылдан соң ғана көре бастаймыз.
Сондықтан, әрбір бастамаларымызды әлемдік тәжірибемен салыстыра отырып, нақтылап алғанымыз жөн.
Халықаралық тәжірибеге сүйенсек, дамыған елдерде білім саласын дамыту мәселесіне азаматтық қоғам өте белсенді қатысады. Әртүрлі қоғамдық кеңестер мемлекеттік органдардың азаматтық қоғаммен байланысын орнатады. Қоғам ұсынған ескертулер мен ұсыныстарды назарға алып, мемлекеттік білім беру саясатына өзгерістер енгізіп отырады.
Мысалы, АҚШ-тағы ірі қоғамдық кеңестер ретінде Ата-аналар мен ұстаздардың ұлттық ассоциациясын және Отбасы мен мектептердің қоғаммен байланыс жөніндегі ұлттық орталығын айтуға болады. Олардың өкілеттілігі өте ауқымды.
Тек, Нью-Йорк қаласының өзінде білім саласына арналған 32 қоғамдық кеңес жұмыс істейді (Комьюнити едьюкейшн кансилс Community Education Councils, CEC). Әр кеңес муниципалдық, бастауыш, аралық, сондай-ақ кіші және орта мектептерді қамтитын округтың мүддесін қорғайды. Басқа жалпы қалалық кеңес арнайы білім беру мекемелері – оқушылары мен олардың отбасы мүдделерін білдіреді. Қоғамдық кеңестің барлық мүшелері округ мектептерінің ата-аналар мен ұстаздар ассоциациясы өкілдері арқылы екі жылға сайланады.
Ресейлік қоғамдық кеңес тұрақты жұмыс істейтін қоғамдық институт болып табылады. Ол білім мен ғылымды дамыту және балалар құқығын қорғау бойынша оң шешімдер қабылдауды қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, Кеңес Ресей Білім және ғылым министрлігі дайындайтын нормативтік құқықтық актілер жобаларына сараптама жасайды.
Біз де білім беру саласының өзекті мәселесін талқылауға қоғам өкілдерін тарту жұмысын бастадық.
Мысалы, бір жыл бұрын тамызда өткен педагогикалық кеңеске алғаш рет азаматтық қоғам өкілдері қатысты.
Математиктер, химия-биология мұғалімдерінің қауымдастықтары құрылды.
Көптеген мектептерде қамқоршылық кеңестер, 4 жоғары оқу орнында байқау кеңестері жұмыс істейді. Техникалық және кәсіптік білім мен жоғары оқу орындары жүйесінде оқыту бағдарламаларын құруға жұмыс берушілер көптеп тартыла бастады. Елбасының тапсырмасы бойынша біліктілікті бағалаудың тәуелсіз жүйесі құрылуда. Жоғары оқу орындарын аккредиттеуді Ұлттық реестрге кіретін тәуелсіз агенттіктер жүзеге асыратын болады. Бірақ, бұл – әлі де аздық етеді деп есептеймін.
Қоғаммен байланысты қарқынды дамыту үшін осы Кеңесті құруға шешім қабылдадық.
Кеңес жұмысының нәтижесі отандық білім беру саласын дамытуға ықпал етеді деп ойлаймын. Елбасымыз айтқандай «жаңғырту процесі азаматтардың белсенділігін күшейту және олардың шығармашылық әлеуетін ашу арқылы жүзеге асуы тиіс».
Сіздер, қоғам сұраныстарын жақсы білесіздер. Әрқайсыңызды еліміздің патриоты деп білемін. Елдің болашағы сіздер үшін өте маңызды екені анық.
Сіздердің бүгінгі ұсыныстарыңыз бен ойларыңыз министрлік жұмысында ескерілетін болады.
Таңертеңгі баяндамамда білім беру саласындағы жаңалықтармен таныстырып өттім. Оларды қайталап жатудың реті жоқ деп ойлаймын.
Менің баяндамаларымды, сіздер министрліктің сайтынан таба аласыздар.
Бүгін білім беру саласындағы реформаларды іске асыру процесінде орталық және аймақтық деңгейлердің өзара байланысын жақсарту мәселесін талқыласақ.
2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік білім беру бағдарламасы іске асқаннан бастап бір жарым жыл өтті. Айтарлықтай нәтижелерге қол жеткіздік. Соларды бүгін талқылау қажет.
Реформаларды бұқаралық ақпарат құралдарында насихаттау – өте маңызды мәселе. Қоғам білім саласындағы реформалармен бұқаралық ақпарат құралдары арқылы танысады. Сондықтан, қоғамның реформаларды дұрыс қабылдауы, олардың ақпарат құралдарында дұрыс насихатталуына байланысты.
Білім беру сапасын арттыру мақсатында қамқоршылық және байқау кеңестерін құра бастадық. Бұл кеңестердің қажеттілігі қаншалықты маңызды, жұмыстарының нәтижелері қандай болмақ.
Олардың рөлін күшейту үшін қандай шаралар қабылдауымыз қажет. Міне, осыларды талқылау керек.
Маңызды мәселенің бірі – Қазақстанның білім беру саласындағы жетістіктерін халықаралық қауымдастықтың бағалауы. Біз әлемдік білім беру кеңістігімен бірігудеміз. Біздің көптеген түлектеріміз оқуын шетелдерде жалғастырып, халықаралық ұйымдарда және кәсіпорындарында қызмет ете бастады.
Күн тәртібіндегі маңызды мәселе – білім беру процесіндегі ең басты тұлға – Ұстаздың мәртебесін көтеру мәселесі.
Педагогикалық корпустың сапасын, оның жауапкершілігін арттыру – біздің жұмыстың нәтижесін көрсетеді.
Осы мәселелерді талқылау барысында басқа да сұрақтар туындайды. Оларды мүмкіндігіне қарай бүгін қарастырайық, қалғанын келесі жиналыстарда қарауды ұсынамын.
Біз Кеңестен не күтеміз, соны айта кетсем.
Бірінші. Бізге білім мен ғылым саласын жаңарту туралы пікірлеріңізді білу өте маңызды.
Екінші. Нақты мәселелерді анықтап, олардың шешу жолдарын қарастыруымыз қажет.
Үшінші. Сіздер халықпен кездесу барысында білім беру саласында болып жатқан оң өзгерістер туралы айтып отырсаңыздар деген тілегім бар.
Біз бірлесе отырып, қоғаммен тығыз байланыс орната аламыз деп сенемін. Және біздің айқындап алған бағыттарымыз қазақстанның білім сапасын арттыруға ықпал етеді.
Кеңес құрамында 51 адам бар. Біз әр жартыжылдықта бір рет жиналамыз деп жоспарлап отырмыз. Бұл – біздің бірінші отырысымыз. Кворум бар.
Күн тәртібі сіздерге таратылды.
Енді отырыстың негізгі бөліміне көшейік.
Регламентке қатысты келесідей ұсыныс бар. Баяндамашыларға 5-10 минут беріледі.
Талқылауға 5 минут беріледі.
Басқа ұсыныстар бар ма?
Қабылдаймыз.
Енді күн тәртібіндегі мәселелерге көшеміз.
(Баяндамалар, талқылау)
Қорытынды.
Құрметті кеңеске қатысушылар!
Енді отырысымызды қорытындылауға көшейік. Біздің отырысымыз өте белсенді, қызықты өтті деп ойлаймын. Білім беру саласындағы біраз мәселелерді талқыладық. Реформалар нәтижелері туралы, сонымен қатар сын да айтылды.
Маңызды ескертулер мен ұсыныстар берілді. Оларды біз жұмысымыздың барысында пайдаланатын боламыз.
Баршаңызға мықты денсаулық пен сәттілік тілеймін!