ҚР Білім және ғылым министрі Б. Жұмағұловтың жоғары білім лидерлерінің Еуразиялық форумында сөйлеген сөзі Астана қаласы, Назарбаев Университеті, 2012 жылғы 20 тамыз
Құрметті Төраға,
Құрметті Ербол Тұрмаханұлы!
Ханымдар мен мырзалар, әріптестер!
Жоғары білім лидерлерінің Еуразиялық форумына қош келдіңіздер!
Бүгін осында әлемнің әртүрлі елдерінен білім саласының топ-менеджерлері қатысып отыр.
Біз сіздерді қазақ жерінде, жас елордамыз – Астана қаласында көргенімізге өте қуаныштымыз.
Қазақстан қазіргі уақытта экономика мен саясаттағы табысы, ОБСЕ мен Ислам Ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуі арқылы әлемге танылды.
2011 жылғы Азиаданы ұйымдастырып, 2012 жылғы Лондон олимпиадасында жоғары жетістіктерге қол жеткізді.
Егемендік алған соң, Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сенімді стратегиясының арқасында еліміздің барлық саласында түбегейлі реформалар болды.
Жаңа саяси жүйе құрылды. Жылдан-жылға экономикамыз қарқынды дамып келеді.
Білім мен ғылымның заманға сай жаңа құрылымдары бой көтерді.
Біз, қазақстандықтар, әлемдегі интеграциялық процестерге үнемі қолдау көрсетіп, оның өркениет дамуындағы потенциалын жоғары бағалаймыз.
1994 жылы Мәскеу мемлекеттік университетінде ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев еуразиялық интеграция идеясын ұсынды.
Бүгінде бұл идея 170 млн. тұрғыны және 3 трлн. АҚШ долларынан асатын ішкі жалпы өнімі бар Бірыңғай экономикалық кеңістікке айналды.
Бұл – тауар айналымы, кадр алмасу, экономика мен әлеуметтік саланың тиімділігін арттыру үшін зор мүмкіндік.
Еуразиялық білім кеңістігіне қосылу идеясы да Қазақстан жерінде пайда болған. Оны Президентіміз 2009 жылы өткен Университеттердің еуразиялық қауымдастығы съезінде айтқан болатын.
Қазіргі кезде бұл идея жүзеге асты. ТМД елдерінің Желілік университеті және Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы елдерінің университеті жұмыс істейді.
2011 жылы қазан айында Астанада Білім министрлерінің қатысуымен ТМД елдері студенттері мен оқытушыларының академиялық мобильдігі бойынша Еуразиялық форум өтті.
Біз елімізде Орта Азия аймағы бойынша Болон процесі бюросын құруды ұсындық.
Қазақстанның саяси және білім әлеуеті еліміздің Еуропа мен Азияның білім жүйелерін байланыстыра алатынына сенемін.
Осы форумның елімізде өтуі кездейсоқ емес. Бұл – Қазақстанның және Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың стратегиялық курсына жауап беретін шара.
Құрметті әріптестер!
Қазақстанның ғылымы мен жоғары білім саласы әлемдік ағында сенімді түрде дамып келеді.
Біріншісі – интеграция болып табылады.
Қазақстандық жоғары білім жүйесі Еуропалық жоғары білім кеңістігі мен ТМД кеңістігінің бір бөлігіне айналды.
Жоғары білімнің Орта Азия аймағын құру жұмысына көп мән беріп отырмыз.
Бұл салада біз екі жақты үкіметаралық 124 шарт пен меморандумды жүзеге асырудамыз.
Ғылым және білім саласындағы өнімді байланыстар осында өкілдері қатысып отырған мемлекеттермен жүзеге асып жатқанын атап өткім келеді.
Бірнеше мысал келтіре кетейін.
1994 жылы Қазақстан Үкіметі мен Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корльдігі арасында Білім, ғылым және мәдениет саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.
2001 жылдан бастап Қазақстан-Британ техникалық университеті табысты жұмыс істеуде.
Елдеріміз арасындағы ынтымақтастықтың жарқын үлгісі Қазақстан Республикасы Президентінің Кембридж университеті оқытушыларымен кездесуі болды.
Қазақстанның әлемдік білім кеңістігіне кірігу механизмдерінің бірі Елбасының бастамасымен 1994 жылы іске қосылған «Болашақ» бағдарламасы екенін атап өту қажет.
Аталған бағдарлама Қазақстандағы мыңдаған талантты жастардың әлемнің үздік жоғары оқу орындарында білім алуына мүмкіндік туғызды. Бұл тәжірибеге әлемнің бірнеше мемлекеттері қызығушылық танытты.
Атап айтқанда, Ұлыбританияда оқу үшін 2000-нан астам стипендия берілді.
Сонымен қатар, «Болашақ» бағдарламасы басқа да каналдар арқылы шетелде оқитын қазақстандықтар санының өсуіне зор ықпал етті.
Осы жылдар ішінде Қазақстанның 50 мыңнан астам жастары шетелде жоғары білім алып келді.
АҚШ-пен өзара байланысымызды осы Назарбаев Университетінің үлгісінде дәлелдей аламыз.
Университет АҚШ-тың көптеген жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойды.
Олардың қатарында Гарвард, Массачусетс Рочестер университеттері, Технологиялық институттар, Стэнфорд университеті, Нью-Джерси технологиялық институты, Питтсбург және Пенсильвании университеттері бар.
Назарбаев Университеті ерекше университет болып табылады. Ол еліміздің жоғары мектебін дамытудың келешегі үшін басты бағдар болмақ.
Университет Елбасының бастамасы бойынша құрылған. Ол білім, ғылым және инновацияны біріктіруге бағытталған.
Университетте әлемнің үздік жоғары оқу орындарының тәжірибесі, білім мен ғылымның жаңа жетістіктері шоғырланған.
Осы сәтті пайдалана отырып, әлемнің жоғары оқу орындарының барлық өкілдеріне «Назарбаев Университеті» жобасына қолдау көрсеткені үшін алғысымды білдіремін.
Осындай серпінді жобалар білім берудің басқа да деңгейлерінде бар.
Орта білімде – Назарбаев Зияткерлік мектептері, техникалық және кәсіптік білімде – «Кәсіпқор» Холдингі.
Олардың озық тәжірибелері еліміздің барлық білім беру жүйесіне таратылатын болады.
Қазақстан Болон процесіне қосылды.
Білім жүйесін жетілдіру барысында оның базалық принципін іске асыру мамандардың бәсекеге қабілеттілігін арттырады.
«Бакалавр–магистр – философия докторы» үш сатылы жүйесіне (бакалавриат – магистратура – PhD докторантура) толығымен көштік.
Қазір елімізде бір ғылыми дәреже – PhD және қауымдастырылған профессор (доцент), профессор деген екі ғылыми атақ беріледі.
Бұл – әлемдік ғылымға бірігу үшін қажетті негіздердің біріне айналады.
Ұлттық біліктілік шеңберін қалыптастыру жұмыстарымен айналысып жатырмыз. ACTS жүйесін енгізу үшін жағдайлар жасалуда.
Жоғары оқу орындарына дербестік беру және оларды басқару жүйесін өзгерту жұмыстары басталды.
Назарбаев Университеті толығымен автономды болып табылады. Бұл Әлемдік университеттер қызметінің негізгі принципі.
Басқа жоғары оқу орындарына дербестік беру жұмыстарын пысықтап жатырмыз. 2014 жылдан бастап кезең-кезеңімен жүзеге асатын болады.
Төрт жоғары оқу орнында Байқау кеңестері құрылды.
Олардың өкілеттігі заңнамалық түрде бекітілген.
Қамқоршылық кеңестердің өкілеттігі қайта қаралуда. Олар 64 жоғары оқу орнында бар.
Әлемдік тәжірибеге сәйкес ұлттық аккредиттеу жүйесі жасалуда.
Алғаш рет Аккредиттеу агенттіктерінің ұлттық реестрі құрылды. Оның құрамына 6 агенттік, оның ішінде 2 қазақстандық және Еуропа мен АҚШ елдерінен 4 жетекші шетелдік агенттік кірді.
Осылардың бәрі – жоғары оқу орындарына дербестік беру және сапалы мамандар даярлау ісінде жасалып жатқан алғашқы қадамдардың бірі.
Қазақстандық жоғары оқу орындарын әлемдік рейтингке шығару – ең маңызды мәселенің бірі.
Осындай рейтингтер жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін және білім сапасын арттыруға ықпал етеді.
QS Ұлыбритания агенттігінің деректері бойынша 2011 жылы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ әлемнің 450 үздік жоғары оқу орнының қатарына кірді.
Үш университет (ҚазҰТУ, ҚазҰПУ, ОҚМУ) үздік 601-700 жоғары оқу орнының тізімінде.
Осы жылы халықаралық рейтингке 20 қазақстан жоғары оқу орыны қатысты.
Бұл – жоғары білімнің бәсекеге қабілетінің жаңа деңгейіне жасалған маңызды қадам.
Келесі үрдіс – білім алушылар, оқытушылар, білім мен инновация мобильдігіне бағытталады. Осы процесс бойынша бірқатар шаралар қабылданды.
Мемлекет қаржылай қолдау көрсетуде.
Былтырғы жылдан бастап студенттер әлемнің үздік жоғары оқу орындарында бір семестр бойы оқуға мүмкіндік алды.
Бұл – бірегей тәсіл. Өйткені көптеген елдерде академиялық мобильдік студенттердің өз қаражаты есебінен жүзеге асады.
Халықаралық мобильдік білім беру қызметі нарығында бұрыннан бері танымал АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Германия елдеріне және жаңа көшбасшылар – Малайзия, Индонезия, Қытай, Оңтүстік Корея елдеріне баруға бағытталған.
Қазақстан мобильдіктің әртүріне қолдау көрсетеді: академиялық кезеңге кредиттік мобильдік, ғылыми дәреже мобильдігі, зерттеу мобильдігі, ұзақ мерзімді академиялық мобильдік.
Осы процеске Эразмус Мундус, Темпус, ДААД сияқты халықаралық бағдарламалар қосымша ықпал береді.
Ректорлық корпус және елдегі жоғары оқу орындары жүйелі түрде білім беру қызметінің сапасын арттыруға бағытталған.
Бұл – елімізге шетел студенттерін тартудың басты факторына айналады.
Елімізде және Еуразия аумағында мұндай мақсатқа қол жеткізуге толық мүмкіндік бар және бұл жұмыс жалғасын табады деп ойлаймын.
Тағы бір фактор – профессорлық корпустың халықаралық мобильдігі.
Осы залда әлемдік білім берудің қазіргі заманғы жүйесін жасаған шетелдік мамандар отыр.
Біздің жылына 1000-нан астам әлемдік деңгейдегі профессорларды шақыруға мүмкіндігіміз бар және олардың тәжірибелерін тиімді пайдалануымыз қажет.
Сонымен қатар, біз оқытушылар мен ғалымдардың шетелде, оның ішінде “Болашақ” бағдарламасы бойынша тағылымдамадан өтуіне жол ашамыз.
Үшінші үрдістің әлемдік экономика мен қоғам үшін маңызы зор. Оның елді дамытудағы алар орны ерекше.
Мен «ғылым – білім – инновация» синтезінің феномені туралы айтып отырмын.
Осы кезде ғалым профессор Сергей Капицаның «Қазіргі уақытта білім экономикасы қоғамның дамуын анықтайды. Білім бақылаусыз көбейіп, таратылу қабілетіне ие, өйткені идеялармен алмасу әрбір жеке тұлғаның білімін көбейтуге алып келеді. Нәтижесінде білім жүйесі білім экономикасын да қалыптастырады» деген сөздері еске түседі.
Әсіресе, аталған үштағанды қалыптастыру әлемдік экономикалық дамудың тұрақсыз жағдайында өзекті болып табылады.
Сондықтан мұндай міндеттерді шешу барлық еуразия елдері үшін өте маңызды.
Бұл бағыт бойынша біз де жүйелі дамып келеміз. Бұған Назарбаев Университеті мысал бола алады.
Осы тәжірибені басқа жоғары оқу орындарына тарату жоспарында зерттеу университеттерін құру заңмен белгіленген.
Біз ғылым мен инновацияны жоғары оқу орындарына мақсатты енгізе бастадық. Олар экономика мен білімдегі жаңа білімдер мен жаңа технологиялардың негізгі генераторларына айналуы тиіс.
Елімізде инновациялық бағытта 10 жоғары оқу орны жұмыс істейді.
Бұл жоғары оқу орындарына ғылым мен инновацияны, зерттеулерді коммерцияландыруды, талантты жастарды тартуды дамыту үшін мақсатты мемлекеттік қолдау көрсетіледі.
Бұл саланың еліміз үшін интеграциялық әлеуеті жоғары деп ойлаймын және осы форумда оған ерекше назар аудару қажет.
Төртінші үрдіс – «өмір бойы оқу»
Бұрын жоғары мектепте алған білім қартайғанға дейін тыныш және алаңсыз өмір сүрудің кепілі болатын.
Қазір бұл жеткіліксіз, әрбір 4-5 жылда білім ескіреді.
Мұның шешімі – үздіксіз білім беру жүйесін дамытуда екенін баршамыз жақсы түсінеміз.
Бұл – әлемдік білім беру жүйесін жаңартудың бірден бір жолы. Бұл жерде қашықтан және электронды оқыту маңызды рөлге ие болады.
Ақпараттандыру – әлем бойынша білім беру аспектілерін түбегейлі өзгертетін және оларды тиімді біріктіретін ХХІ ғасырдың тренді.
IT-технология бойынша қашықтан және электронды оқуға қатысатын студенттің саны жыл сайын артып келеді.
Қазақстанда біз E-learning жобасын пилотты түрде іске асыра бастадық. 2020 жылға қарай онымен білім беру ұйымының 90%-ы қамтылады.
Алайда, жоғары оқу орындарының басшылары мұнымен шектелуге болмайтынын түсінуі тиіс.
Жоғары оқу орындарының міндеті – осы әдіснаманы алып, кеңейту және өмір бойы оқудың барлық жүйесін дамытудың негізгі базасына айналу.
Бұл жерде үлкен интеграциялық әлеует көзделген және мұны осы форумда талқылау өте пайдалы.
Қазіргі уақытта білім беруді интернационалдандыру үрдісі ерекше орын алады.
Оның шеңберінде көптілді кадрларды даярлау мәселесі де бар.
Бұл экономикасы мен әлеуметтік саласы екпінді дамып келе жатқан Қазақстан үшін өте маңызды.
Халқы бірнеше еркін тілді меңгерген ел ғана табысқа тез жететінін әлемдік тәжірибе көрсетіп отыр.
Елбасы нақты міндет қойды.
Ол Қазақстан халқы үш тілді меңгерген жоғары білімді ел ретінде танылуы тиіс деп атап өтті. Олар: қазақ тілі – мемлекеттік, орыс тілі мен ағылшын тілі – әлемдік экономикаға табысты ену тілі.
Сондықтан оқытудың барлық деңгейі үшін тіл саясатын біз маңызды орынға қоямыз.
Көптілді кадрлар даярлау үшін нақты қадамдар жасадық.
Қазіргі уақытта барлық жоғары оқу орнына еуропа жоғары оқу орындары сияқты шет тілдерін оқытудың деңгейлік моделі енгізілген.
Келесі жылдан бастап 32 жоғары оқу орнында үш тілде жасалған оқу бағдарламалары іске асады.
Олар бойынша педагогикалық, жаратылыстану-ғылыми, техникалық мамандықтарда оқитын 5,5 мыңнан астам студент білім алады.
Бұл мамандардың мобильдігі мен бәсекеге қабілеттілігі үшін жақсы бастама болады.
Құрметті әріптестер!
Әлем өзгеруде. ХХІ ғасыр бізден көп жаңалықтар талап етіп отыр.
Біз оларды сезініп қана қоймай, басып озуымыз қажет.
Мен атап өткен үрдістерді ғалымдар академиялық революция ретінде бағалап отыр. Өйткені олардың өз ерекшелігі мен серпіні бойынша теңдесі жоқ.
Мұндай үндеуге біздің форум сияқты осындай мемлекетаралық пікірталаста нақты жауап табылады деп ойлаймын.
Баршаңызға жемісті еңбек, жаңа табыс, ғылыми-білім беру жүйесіндегі байланыстың одан әрі дамуын тілеймін!
Назар қойып тыңдағандарыңызға рахмет!