Әрбір қаланың өз тарихы мен өткені бар. Кейбір қалалардың тарихы әріге кетеді де жүздеген жылдарды, тіпті мыңдаған жылдарды құрайды. Біздің қаламызға бар жоғы 85 жыл.
Сонау 1934 жылдың 10 ақпанында Қарағанды кенті қала атағына ие болады. Бір дерекке сүйенсек қала атауы «қараған» бұтағынан шыққан, осы маңда қалың қараған өседі, сол себепті ертеректе «Қарағанды басы» аталған. Дүние жүзі картасында қолдан жасалған қала пайда болды, әр ағашты, әрбір гүлді Кеңес Одағының әр жерінен біздің өлкемізге көмір өндірісі мен металлургия өндірісін дамытуға келген мыңдаған адамдар өсіреді.
Студенттердің туған өлкеге деген патриоттық сезімдерін тәрбиелеу, өлкетану туралы білімдерін арттыру мақсатында 2019 жылдың 13 ақпанында ҚарМТУ патриоттық тәрбие беру ҒЗИ «Қазыналы кенді қала» атты Қарағанды қаласының 85-жылдығына арналған дөңгелек үстел өткізді.
1-2 курс студенттері қаламыздың қалыптасуы мен дамуы туралы қызықты мұрағат материалдарымен танысты. Дөңгелек үстелге Қарағанды облысының Мемлекеттік мұрағаты құжаттарды пайдалану бөлімінің меңгерушісі О.Е.Беркун, тау-кен және сәулет-құрылыс факультеттерінің өкілдері қатысты. Дөңгелек үстел өткізу барысында «Дала төсінде туған қала» атты электронды буклеттің тұсаукесері өткізілді.