Республикалық «Мені шыңдаған Серпін» кәсіби шеберлік байқауы


2018 жылдың 30-31 қазан аралығында, Павлодар қаласы С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» — «Серпін» әлеуметтік жобасы студент жастарының арасында Республикалық «Мені шыңдаған Серпін» кәсіби шеберлік байқауы өтті.
Байқаудың мақсаты – жұмысшы мамандықтарды жастар арасында дәріптеу, кәсіптік даярлық пен құзыреттіліктерін арттыру, «Серпін» студенттері арасында өз мамандығының үздігін анықтау. Республикалық кәсіби шеберлік байқауы 5 мамандық бойынша өткізілді. Байқау қонақтары ҚР Білім және ғылым министрлігі, облыс әкімдігі өкілдері, депутаттар, Павлодар облысы жастар саясаты мен білім басқармалары болып табылды.
Аталған байқауға Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінде «Мәңгілік ел жастары индустрияға» — «Серпін» бағдарламасы бойынша «Радиотехника, электроника және телекоммуникациялар» мамандығының 3-курс студенті Құрманбай Нұрғиса қатысты (жетекшісі — «Байланыс жүйесінің технологиясы» кафедрасының оқытушысы Есенжолов Ұлан Серикович). РЭТ-16-1 тобының студенті өзінің білім алып жатқан мамандығы бойынша «Суретші робот» атты тақырыпта арнайы жобасын әзірлеп барды. Айта кететін жайт, аталмыш байқауда «Радиотехника, электроника және телекоммуникациялар» мамандығы бойынша білім алып жатқан 10 жоғары оқу орындарының студенттері өз жобаларын қорғап, жүлделі орынға бақ таластырды. Байқау нәтижелері бойынша өзінің ұшқыр ойымен, тапқырлығы және жаңашылдығымен қатарластарын басып озып, «Мәңгілік ел жастары индустрияға» — «Серпін» әлеуметтік жобасы аясында техникалық мамандықтарды игеріп жатқан студенттер арасында «Мені шыңдаған Серпін» Республикалық кәсіби шеберлік байқауының ІII орын жүлдегері Серпіндік РЭТ-16-1 тобының студенті Құрманбай Нұрғиса атанды. Жеңімпаз «Болон процессі және Академиялық ұтқырлық» орталығының директоры А.Құлтуманованың атынан мадақтама қағазымен марапатталып, бағалы сыйлыққа ие болды.
РЭТ-16-1 тобының студенті Құрманбай Нұрғиса: «Менің қорғаған жобам Елбасының 2017 жылғы Жолдауының «Индустрия 4.0» бағытын қолдау мақсатында жүзеге асты. Жобаның басты мақсаты – адамның қол еңбегін жеңілдету. Аталған жоба арқылы компьютерлік бағдарламалардың мүмкіндіктері көп екенін білдім және сол бағдарламалар арқылы өз жобамды қорғап шықтым. Осы орайда маған сенім білдіріп, аталған байқауға жіберген ҚарМТУ ұжымына үлкен алғысымды білдіремін. Сіздердің сенімдеріңізді ақтағаныма қуаныштымын», — дейді жеңімпаз Құрманбай Нұрғиса.

Без рубрики