ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ДІН ІСТЕРІ ЖӘНЕ АЗАМАТТЫҚ ҚОҒАМ МИНИСТРЛІГІ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ҮКІМЕТІНІҢ «ДАРЫН» МЕМЛЕКЕТТІК ЖАСТАР СЫЙЛЫҒЫНА БАЙҚАУ ЖАРИЯЛАНДЫ


Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығына байқау  жариялайды. Құжаттар 2018 жылдың  1 тамызына дейін қабылданады. 

«Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы —  ғылым, шығармашылық, қоғамдық қызмет салаларында жемiстi еңбегімен көзге түскен, сондай-ақ жоғары спорттық жетістіктері үшін дарынды жастарды мемлекет тарапынан қолдау мақсатында жыл сайын ұсынылады.

Байқау —  эстрада, классикалық музыка, халық шығармашылығы, әдебиет, театр және кино, журналистика және қоғамдық қызмет, спорт, дизайн және бейнелеу өнері, ғылым номинациялары бойынша өтеді.

Халықаралық және республикалық конкурстардың, фестивальдар  мен түрлі шаралардың лауреаттары, республикалық және халықаралық деңгейлердегі спорттық жарыстардың жүлдегерлері мен жеңімпаздары, сондай-ақ қызметі инновациялық болып табылатын және тиісті сала мен тұтастай қоғамды дамытуға ықпал еткен  Қазақстан Республикасының  29 жасқа дейінгі азаматтары сыйлық алуға үміткер бола алады.

«Дарын» жастар сыйлығын алуға кандидатураларды ұсынуды орталық, жергiлiктi және өзге де мемлекеттiк органдар, қоғамдық бiрлестiктер мен Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тіркелген өзге де заңды тұлғалардың өкілдері жүргiзедi.

Орталық, жергiлiктi және өзге де мемлекеттік органдар, қоғамдық бiрлестiктер және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тіркелген өзге де заңды тұлғалар уәкiлеттi органға мынадай құжаттарды қағаз және электрондық түрде жібереді:

1) кандидаттың жеке куәлігінің көшірмесі;

2) осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша тіркеу өтінімі;

3) қолдаухат пен сыйлық алуға ізденушінің жетістіктері туралы анықтама;

4) марапаттау дипломдарының, грамоталарының, алғыс хаттарының көшірмесі (болған жағдайда);

5) кандидаттың немесе кандидат туралы мақаланың, жарияланымдардың көшірмесі (болған жағдайда);

6) кандидаттың жетістіктерін растайтын өзге де материалдар (болған жағдайда).

Уәкiлеттi орган сыйлық алуға ізденуші бойынша келіп түскен құжаттарды қабылдап, бір күн мерзімде тіркейді және Комиссияның қарауына ұсынады.

Комиссияның спектакльдерді, кино және телефильмдерді, көрмелерді қарауын, концерттік бағдарламалар, сондай-ақ музыкалық және әдеби шығармаларды тыңдауын, ізденушінің қызметімен танысуын ұйымдастыру ұсынушы ұйымдарға жүктеледі.

Барлық жеңімпаздарға Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен «2017 жылғы Дарын мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты» атағы беріледі, және олар  дипломмен, төсбелгілермен және ақшалай сыйлықтармен марапатталады.

Сыйлық беру туралы шешім Қазақстан Республикасының Үкіметі оны қабылдаған кезден бастап күшіне енеді. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң сыйлық беру туралы қаулысы бұқаралық ақпарат құралдарында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай жарияланады.

Сыйлық алған адамдарға «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты» атағы беріледі, диплом, төсбелгі және ақшалай сыйлық табыс етiледi.

Сыйлықтар салтанатты жағдайда беріледі, марапаттау рәсiмi Қазақстан Республикасының Тәуелсiздiк күнiне орайластырылады.

Толық ақпаратты ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің ресми сайтынан алуға болады.

Ізденушілердің жоғарыда аталған құжаттарын 2018 жылғы 1 тамызға дейін Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің Жастар саясаты департаменті келесі мекенжай бойынша қабылдайды:

Астана қаласы, Мәңгілік ел көшесі, 8, Министрліктер үйі (15-кіреберіс), 8/7172/74-13-85, 8/7172/74-18-43, 87019981988, zh.zhunusova@diakom.gov.kz.

Без рубрики