Кездесуді университеттің бірінші проректоры Аристотель Исағұлов ашып, кештің қонақтары – соғыс және тыл ардагерлерін айтулы мерекелермен құттықтап, олардың жанкешті ерлігі мен еңбектері ұшін алғыс білдірді. Содан кейін Ұлы Жеңіс ерлерін еске алып, рухына тағзым мақсатында 1 минут үнсіздік жарияланды.
Іс-шараға тыл ардагері Николай Александрович Дрижд, ардагерлер кеңесінің төрағасы Юрий Дмитриевич Обухов, ҚарМТУ-дың рухани-адамгершілік тәрбие теру бойынша ақсақалдар кеңесінің төрағасы Қайролла Бейсембайұлы Қызыров, , профессор Каден Бариұлы Тоғайбаев, Юрий Моисеевич Ким, Анатолий Никанорович Дедов, Константин Дмитриевич Тикиниди, ардагер-педагогтер Айкен Сакеновна Жакупова, Людмила Николаевна Билык, Софья Хабибуловна Насыбулина, Галина Григорьевна Рассохиналар қатысып, Ұлы Отан соғысы кездері жайлы естеліктерімен бөлісті.
Әсіресе, жастарға Людмилы Николаевна Билыктың естелігі өте қатты әсер етті. Соғыс Людмила Николаевна Украинадағы пионер лагерінде демалып жатқан кезде басталған екен. Сол жылдары оқушы Людмила жау отрядтарының оккупациясын, бейбіт тұрғындардың бастан кешірген зорлық-зомбылықтарын өз көзімен көрген. Тіпті, олардың тұрған үйін неміс әскерлері тартып алған екен. Ардагер ана неміс әскерлерінің кеңес солдаттарын қалай тұтқынға алып, ал түнде партизандардың оларды босатып алу үшін жасаған әскери операцияларының куәсі болған. Осы оқиғалардан кейін Людмила да анасы және кіші сіңлісімен бірге орманға қашып шығып, жертөле қазып, жандарын аман сақтап қалу үшін жасаған тірліктерін айтып берді. Орманда күн кешіп жүрген жерлерінен оларды сол мекенді жаудан азат еткен кеңес әскерлері тауып алып, Днепр арқылы қауіпсіз жерге көшірген екен.
Ардагерлердің әңгімелері студенттердің өз аталары мен әжелерінің аузынан естіген естеліктермен толықты. Сондай-ақ жастар оларға арнап, арнайы концерттік нөмір әзірлеп, соғыс әндерін орындады. Осы кешке қаламыздың №58 кадет мектебі мен тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға арналған мектеп-интернатының оқушылары да келіп, өз өнерлерін көрсетті.