2017 жылдың 11.11.2017ж. – 02.12.2017ж. аралығында «Серпін» оқу орталығы Қазақстан халқының салт-дәстүрі мен мәдениетін сақтау, ұлтаралық татулық пен дінаралық толеранттылықты нығайту, жастардың терең білімге, заманауи ғылымға және ұлттық тәрбиеге құштарлығын арттыру, Елбасының бастамаларына қолдау көрсету мақсатында Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінде «Мәңгілік ел жастары индустрияға»- «Серпін» әлеуметтік жоба аясында 2017-2018 оқу жылында білім грантына ие болған студенттерге Теміртау қаласындағы «Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығына» саяхат жасауды жоспарлады.
11.11.2017ж. 56 адамнан тұратын бір топ «Серпін» жастары және «Серпін» ОО жетекшісі Ш.А. Жетпісбай, С-17-1, ТС-17-1, ПСК-17-1, ГПР-17-1 топ кураторлары алғашқы экскурсияға аттанды.
Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығы 2011 жылы 22 қарашада Теміртау қаласында Мемлекет басшысы, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қатысуымен ашылды. Тарихи-мәдени орталықтың негізгі мақсаты – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің тәуелсіз мемлекетімізді құрудағы, қалыптастырудағы және дамытудағы аса көрнекті рөлін ашып көрсету. Қазақстандықтар үшін Тәуелсіздік ұлт тарихындағы жаңа дәуірдің нышаны, Қазақстанның гүлденуі мен тұрақты дамуының берік негізі. Орталықта алты мұражай залы бар.
Аталған бағдарлама студенттері Елбасымыздың тарихи-мәдени орталығына барғандағы әсерлерімен бөлісті. Өз кезегінде «Серпін» жастары: «Біз музейге кіргенде, жарқын жүзді музей қызметкерлері күтіп алды. Сол сәттен бастап біздің көңіл-күйіміз жақсырақ бола түсті. Музей қызметкерлері бізге Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың оқу орнын көрсеткенде, өзіміздің ҚарМТУ-ға оқуға түскенімізге шын жүректен қуандық. Бізді осындай керемет музейге алып барып, көрсеткендеріңізге мың алғыс!», — дейді.