ҚарМТУ-да ғылыми-техникалық кеңестің алғашқы отырысы өтті


2017  жылдың 3 қазаны күні Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінде  облыстық ғылыми-техникалық кеңестің  алғашқы отырысы өтті. Оны облыс әкімі Ерлан Кошановтың өзі жүргізіп, өңіріміздің ЖОО-ның ректорлары мен ғалымдары, кәсіпорындардың басшылығымен бірлесе отырып, ғылым мен өндіріс арасындағы байланыстарды нығайту жөніндегі мәселелерді талқылады.

Басқосу қатысушылары биылғы жазда Астана қаласында өткен EXPO-2017 Халықаралық көрмесіне «жасыл энергетика» бағыты бойынша Қарағанды облысы тарапынан ұсынылған жеті жоба жайлы сөз қозғап, оларды өндіріске енгізудің мүмкіндіктерін қарастырды.

Алғашқы болып сөз алған ҚарМТУ ректоры, т.ғ.д., профессор, Марат Ибатов өз баяндамасында соңғы жылда университет ғалымдары тарапынан жасалған маңызды ғылыми жобалар жайлы айтып, бірқатар ғылыми жұмыстардың аймақтың өндіріс орындарында сынамадан өтіп, тәжірибеге енгізілгенін атап өтті.

Сондай-ақ Кеңес қатысушылары білім ордамыздың профессоры Иосиф Брейдо ұсынған жобаға ерекше қызығушылық танытты. Профессор жиналғандардың назарына ақпаратты таратудың  комбинациялық әдісін  қолдану арқылы жоғары вольтті электрөткізгіш желілер жүйесін бақылайтын «смарт-грид» құрылғысының  эксперименталды үлгісін ұсынды. Ол ҚарМТУ профессор-педагогтер құрамының «KEGOC» АҚ-ның облыстық филиалымен  бірлесе отырып, 500 киловольт кернеулі сыртқы электрөткізгіш желілер құрылғыларын қорғап, ақау барына диагностика жасайтын жүйені жасап шығарғандығын атап өтіп, құрылғының жұмысына тоқталды. Аталмыш жоба   бойынша электр өткізгіш құрылғылардың таяныштарына орналастырылған датчиктер желілердің үзілгені жайлы, тоқтың кемуі, сымдардың қылаулануы жайлы уақытылы ескерту жасап отырады. Бұл өндірісте электр энергиясын үнемді қолдану, шығынды азайту мәселелерін шешеді.

Кеңесте облыс басшысы жауапты қызметкерлерге инновациялық жобалардың авторларына ғылымды қаржыландыру және дамыту мекемелеріне құжаттарды әзірлеу жұмысында қолдау көрсетуді тапсырды. Сондай-ақ әкім облыстың ірі кәсіпорын басшыларын ғалымдармен тығыз байланыс жасап, оларға тәжірибелік ортада қолдау көрсетуге шақырды.

Без рубрики