Бүгін облыс орталығында Балаларды қорғау күніне арналған алғашқы балалар мен жастар ансамбльдері мен оркестрлерінің шеруі өткізілді. Шеруге 2 мыңнан астам қала мектептерінің оқушылары және Қарағанды облысының 20 білім беру ұйымдарының студенттері қатысты.
Мерекелік шеру қатысушыларының жиналған жері Тәуелсіздік алаңы еді. Одан кейін жас өнерпаздар Каскад фонтанына қарай жылжып, Жауынгер-Интернационалистер көшесі бойымен Орталық саябақтағы мерекелік концерт алаңына топтасты.
Шерудің мақсаты – оқушылар мен студенттер арасында эстетикалық, патриоттық тәрбие беру жағдайында жалпыұлттық «Мәңгілік Ел» идеясын іске асыру, салтанатты шерулерді қолдау және дамыту.
ҚарМТУ-дан іс-шараға «Жас Орда» студенттер кәсіподағы ұйымдарының және университеттің студенттер шығармашылық ұжымдарының мүшелері – домбыра және үрлемелі аспаптар оркестрі және қазіргі заманғы би ансамбльдері қатысты.
ҚарМТУ-дың үрлемелі оркестрі ұжымының мүшелері:
«Оркестр кез келген салтанатты мерекелік шараның сәнін келтіріп, шырайын кіргізеді. Университетіміздің студенттерінен құралған біздің оркестрлер де білім ордамызда өткізілетін түрлі мерекелік іс-шараларға қатысып, ардагерлер және балалар үйінің тәрбиеленушілерімен болатын кездесулерде де үнемі өнер көрсетеді. Бүгінгі Балаларды қорғау күніне орай ұйымдастырылған осынау игі шараға өз үлесімізді қосып отырғанымыз үшін өте қуанышытымыз».