«СЕРПІН»: І РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ФОРУМЫ


2017 жылдың 20-22 сәуір аралығында «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ қолдауымен Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетінде Ел басының «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» бағдарламасындағы Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы идеясын ілгерлетуге, сондай-ақ «100 нақты қадам» — Ұлт Жоспарындағы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы, жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауында көрсетілген басым бағыттарды негізге ала отырып, «Мәңгілік Ел жастары- индустрияға!»- «Серпін» әлеуметтік жобасының ауқымында «Серпін»: І республикалық форумы өтті.
Форумның мақсаты — «Серпін» әлеуметтік жобасы бойынша айқындалған іс-тәжірибемен бөлісу және жобаның тиімді жалғасуын талқылау.
Аталған форумға Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің «Серпін» оқу орталығының жетекшісі Жетпісбай Ш.А. және «Серпін» жобасы грант иегерлерінің арасында сайланған ҚарМТУ Көшбасшы – Сардары, СТ-16-1 тобының студенті Манап Е.Н. қатысты.
Форум қатысушысы, ҚарМТУ Көшбасшы – Сардары, СТ-16-1 тобының студенті Манап Е.Н.: «Серпін» I Республикалық форумы өз мәресіне жетті. Араға әдейі біраз уақыт салып, осы саяхатан түйіндеген ойларымды енді бөліспекшімін… Тіпті неден бастарымды да білмей отырмын. Өйткені киелі Семейдің қонақжайлығы, тарихи мәдениеті, жалпы жан-тіршілігі мені көкке апарып тастады десем де болады.
Мен осы сапарымда Серпін бағдарламасының екпінін ғана сезініп қомай, бүкіл қазақ халқының тарихына бас сұға отырып, оның о заманнан бергі бүкіл қайғы-қасіретін, қуаныш-шаттығын, батыл ерлігін, асыл қазынасын жан-тәніммен сезіндім десем артық болмас. Баяғыда ұлылардың өкшесі тиген киелі мекендер, тау бөктерлер, өзен суымен бірге тас, топырағына дейін жаратылыс атаулының барлығы мені өз алақанына салып тербеткендей болды. Бойымда бір жасырын патриоттық күш пайда болып, ішкі әлемім «елім, жерім» деп сыбырласа, сыртымнан құдды бір ұлылардың ұлы сөздері, қала берсе, қазақ жұртының сарынын суреттейтін әсем әуендері ойнап тұрғандай болды. Жанымның бос орынын құны биік рухани азықпен толтырғандай күй кештім. Бірнеше жылға емес, бір ғұмырға татитындай. Бейбіт өмірде өз еліңнің осындай биік мәртебесін сезінгенге не жетсін, шіркін!
Әуелі Аллаға алғысымды білдіремін. Бізге осындай ерекше сәттер мен қымбатты білім сыйлаған «Серпін-2050» әлеуметтік жобасының барша басшылығына, ұйымдастыру мүшелеріне айтар алғысым шексіз! Арнайы ризашылығымды Семейдің серпінді оқу орындарының бірі — Қазақ иновациялық гуманитарлық-заң университетінің басшылығына жеткізгім келеді!!!» — деп өзінің алған әсерімен бөлісіп, жылы лебізін білдірді.

Без рубрики