Студенттер сахнасында жарқыраған жас жұлдыздар


10 наурызда ҚарМТУ-да қараша айынан бастап жүргізілген «Еркiн Шоу» студенттер арасындағы вокалдық байқауының ақтық мәресі өткізілді. Бұл күні «Жастар Әлемі» мәдениет сарайының сахна төрінде техникалық университетіміздің талантты да жас жұлдыздары жарқырады. Олардың өнерін бағалап, әділ төрелігін беру үшін Қ. Байжанов атындағы концерттік бірлестігінің әртістері мен «Қазақстан – Қарағанды» телеарнасының журналистері келді.

Байқау шарты бойынша жеңімпаздар «Қазақстан – Қарағанды» телеарнасының «Арнадым саған» жобасына қатысу үшін жолдама табысталады. Бес іріктеу кезеңінен жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атанып, суырылып шыққан жас өнерпаздарды тоғыстырған бұл байқауға барлық факультеттердің студенттері қызығушылық танытты.

Қысқа уақыт ішінде студент қауымы арасында беделге ие болып, әрбір жас «әртіс» өз жанкүйерін тапқан шоуға көрермендер көптеп жиналды. Сол себептен де болар ұйымдастырушылар негізгі байқау жүлделеріне қосымша «Көрермендер көзайымы» номинациясын енгізді. Бұл үшін мәдениет сарайының фойесінде ақтық мәре қатысушыларының фотографиясы жапсырылған жәшіктер қойылды. Оларда шоуды тамашалауға келген көрермендердің дауысы жиналды.

Байқау қорытындысына сәйкес мына студенттер жүлдегер атанды:

1-орынды –Нұрай Құтжанова;

2-орынды –Саят Нақыпбай;

3-орынды –Ерғали Манап иеленді;

«Көрермендер көзайымы» номинациясы және Гран-при жүлдесі – Айғаным Қуатбекқызына бұйырды.

Без рубрики