28 ақпан күні ҚарМТУ-дың Бас корпусының Акт залында «Алаш қозғалысы: ұлттық интеллигенция және сталиндік қуғын-сүргін» тақырыбында жоғарғы оқу орындары арасындағы ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті. Конференция «Алаш» қозғалысының 100-жылдығына және ХХ ғасырдың 30-50 жылдардағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналды.
Қазақ халқының тарихы тағылымы мол оқиғаларға толы. Әсіресе, қазақ тарихында Алаш арыстарының орны ерекше. Қазақ халқының үздік білім алған, кең ойлы патриот саңлақтарының бастамасымен құрылған тұңғыш ұлттық Алаш үкіметі қазақ елінің саяси идеясының негізін қалаушылар болды. Олар Қазақ елінің сан ғасырлық даму тәжірибесін, салт-дәстүрін төңкерістік әдіспен күрт өзгертуді емес, қайта оларды өркениетті елдердің өмір тәжірибесін ескере отырып, одан әрі дамытуды, білім алып, көппен терезе теңестіруін көздеді. Алаш қозғалысы негізгі идеясы әлдеқайда бұрын өмірге келіп, күні бүгінге дейін елім, жерім деп ұлт болашағын ойлаған отаншыл азаматтардың елін прогреске бағыттаған жалпыхалықтық демократиялық қозғалыс еді.
«Алаш идеясы» – қазақтың мемлекеттік, елдің ұлттық идеясы. Сондықтан бұл идея – бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанның да басты идеяларының бірі болуы тиіс. Алаш арыстарының өмір жолы, өмірбаянын, күрес жолын көрсетудегі басты мақсат – 25 жылдық тәуелсіздік тарихымызда өткеннен ой түйіп, бүгінгі қоғамымыздың рухында мемлекетшілдікті, азаматтық сана сезімді орнату. Конференцияда Алаш идеясын зерттеп жүрген азаматтардың ой-пікірін тыңдап, оны жаңа қазақстандық патриотизммен сабақтастыру. Осы арқылы Алаштың жолы, Алаш кайраткерлері қалыптастырған ұлттық санамызды жаңғырту сапарын жалғастырып, бүгінгі тәуелсіздігімізді тұғырлы етер берік ұстанымдардың бірегейі ету. Арыстардың аманатын жас ұрпақ санасына сіңіре отырып, соған лайық еңбек ету, өткенге құрмет көрсету.
Конференцияға Қазақстанның ғылым және білім беру ұйымдарынан 145-тен астам баяндама келіп түсті. (Астана, Алматы, Қызылорда, Талдықорған және т.б.).
Конференция жұмысына «Нұр Отан» партиясының Қарағанды облыстық филиалының төрағасының бірінші орынбасары К.Б. Оспанова, сондай-ақ ғалымдар: Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы С.М. Сыздықов, Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Бейсенбекова Н.А., Е.А. Букетов атындағы ҚарМУ-дың профессоры, тарих ғылымдарының докторы З.Г. Сақтағанова, Қарағанды облысы мемлекеттік мұрағатының басшысы, педагогика ғылымдарының кандидаты Ж.Ж. Тұрсынова және ҚарМТУ-дың Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент С.С. Қасымова, мемлекет басшысының курстастары және үзеңгілестері, сондай-ақ студенттер, магистранттар, докторанттар және т.б. қатысты.
Басқосуды ҚарМТУ ректоры Марат Кеңесұлы Ибатов ашты. Ол өз сөзінде:
- Биылғы жылы Алашорда қозғалысының құрылғанына 100 жыл толуына орай Алаш зиялыларының мұраларын зерделеу және оны жандандыру шаралары мемлекеттік деңгейде қолға алынуда. Заманының сұңқарлары бүгінгі біз қол жеткізіп отырған тәуелсіз еліміздің мұраттарын, саяси-құқықтық, ұлттық құндылықтарға қатысты көзқарастары мен тұжырымдарын сол кездің өзінде-ақ айтып кеткен. Біз де осы шараға үн қосу үшін әрі Алаштың 100 жылдығын сол заманмен ғана шектеп қоймай, бүгінгі тәуелсіз мемлекетіміздің тарихымен, ұлттық идеямызбен байланыстырып, осынау жиынды ұйымдастырғанды жөн санадық, — деп конференция баяндамашыларын таныстырып өтті.
Бірқатар баяндамалар жасалғаннан кейін «Алаш» интеллигенциясы туралы бейнефильм көрсетіліп, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы С.М. Сыздықов «Алаш зиялыларының «Мәңгілік Ел» мұраты» баяндамасын көпшілік назарына ұсынды. Сатай Сыздыков: «Алашорда тарихы, біртуар зиялылардың мұраты – бұл тек бүгінгі жиналғандар үшін ғана емес, барлық қазақстандықтар, тіпті, әлем елдеріне де үлгі боларлық жағдай. Бүгінгі және болашақ ұрпақтарымыз үшін арыстардың жазып қалдырып кеткен ойлары, идеялары, мақсат-мұраттары жылдардың азығы, мемлекеттілігіміздің негізі. «Алаш» қозғалысының ең маңызды мақсатын атап өтсек, ол халықты қару ұстап, күшке жұмылдыру емес, білім алуға, зиялы болуға, сол арқылы елді дамытуға бағыттау еді»,- деді.
Одан кейін сөз алған Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы З.Ғ. Сақтағанова «Партия «Алаш»: этапы истории» атты баяндамасында Алашорда қозғалысының үш жылдық тарихына тоқталып, «олардың мұраларының ішінде әлі де болса, зерттелетін құнды дүниелер көп. Тек көп құнды құжаттар Мәскеу архивтерінде қалың қағаз астында көмулі жатыр. Дәл қазіргі уақытта оны аршып алып, қалың бұқараға көрсету үшін отандық ғалымдарымыздың толықтай мүмкіндігі болмай жатыр», — деді. Ғалымның сөзін Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Н.А. Бейсенбекова («Әлихан Бөкейхан және XX ғасырдың басындағы халықаралық жағдай») жалғастырып: «Алаш арыстарының бірі Әлихан Бөкейхан өз уақытында халықаралық жағдайға үнемі көңіл бөліп отырған және оны төл халқына өзінің мақалаларын жариялау арқылы «Қазақ» газетінде беріп отырған. Ол Европадағы жағдайды да талдап жазып отырған. Тіпті, сол кезеңнің өзінде бізге өзге елдің мәселесі, ондағы соғыс не керек дегендерге, қазақ баласының қырдағы өзгерістердің қалай жүріп жатқандығын ғана қарап, талдап қоймай, әлемдегі тарихи оқиларға да құлағы түрік болу керектігін баса айтады. Сондықтан бүгінгі қазақ жастары да, халқының біртуар ұлы Әлихан айтқандай, өзгенің тарихынан сабақ алуы керек. Өйткені «басқаның соғысы, өзгенің қайғысы» деген болмайтын дүние. Мен Арқа жерінде арыстардың атын ұлықтап, рухына құрмет көрсетіп отырған осынау жиынға қатысып отырғаныма қуаныштымын. Алайда «Алаш» қозғалысын зерттеуге деген ұмтылыс осымен ғана шектелмей, өңірімізде одан әрі жалғасын тапса екен деген тілектемін»,- деді.
Сондай-ақ жиында Қарағанды облысының мемлекеттік мұрағатының басшысы, педагогика ғылымдарының кандидаты Ж.Ж. Тұрсынова өзі зерттеп жүрген тақырып Жақып Ақпаев турасында баяндама жасады. Ал Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті атынан Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент С.С. Қасымова «Нығмет Нұрмақов – мақтанышы, ар-намысы қазақтың» баяндамасын оқып, ҚарМТУ, ЭЭ-16-3 тобының 3-курс студенті А. Саликов, «Ұлт өмірімен мәңгі бірге болатын идея» және ОП-15-2 тобының 2-курс студенті С. Бейсенбеков «Алаш қозғалысына арнау» атты ғылыми-зерттеу еңбектерімен бөлісті.
Конференция соңында қатысушылар түгер қол қойған қарар қабылданды.