«Тілім менің – тірлігімнің айғағы» атты поэзия кеші өтті


25 ақпан күні университеттің «Жастар әлемі» студенттер мәдениет сарайында «Тілім менің – тірлігімнің айғағы» атты поэзия кеші өтті. ҚарМТУ-дың барлық факультеттерінің студенттерінің қатысуымен өткен әдеби-сазды кеш өзінің мазмұндылығымен ерекшеленді.

Өнерпаз студенттердің орындауындағы әсем әндерді тыңдап, жаңа  қалам тербеп жүрген жас ақындардың поэтикалық туындыларын саралауға облысымызға танымал жазушы, журналист Төрехан Майбас және білім ордамыздың әлеуметтік-гуманитарлық пәндер және қазақ тілі мен мәдениеті кафедраларының  оқытушылары келіп қатысты.

Студенттер  әуезді әндермен әсерленген кеште өз авторлығындағы жыр шумақтарымен  қоса,  қазақ ақындары Мұқағали Мақатаевтың, Бауыржан Жақыптың,  Төлеген Айбергеновтің   және басқа да өлең сөз дүлдүлдерінің шығармаларын мәнерлеп оқыды.

Кеш соңында жүрегінен төгілген туындыларын көпшілік сарасына ұсынып, келген қонақтардың жақсы бағасына ие болған жыр авторларына алғыс хаттар табысталды.  Аталмыш басқосудың нәтижесінде гуманитарлық емес, техникалық бағытта білім беретін университетте көптеген әдебиетсүйер, дарынды жастардың барлығы ұстаздарды да, қонақтарды да қуантты. Кешке қатысқан жастардың пікірінше аталмыш шара өзінің  мәдени құндылығымен, терең мазмұнымен мақсатына жеткен сияқты.

Шын мәнінде, отандық әдебиеттің шынайы шыңы мен алтын қорына айналған осындай қазына-жырларды оқудың жастарды адамгершілікке тәрбиелеуге, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге ықпалы зор.

Без рубрики