Студенттер прокуратураның геоақпараттық жүйелерімен танысты


22 ақпан күні ҚарМТУ-дың акт залында облыстық прокуратура өкілдері университеттің оқытушылар құрамы және студенттермен кездесу өткізді.  

Кездесуге облыстық прокуратураның төмендегі қызметкерлері қатысты: Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Қарағанды облысы басқармасының басшысы – Әбу-Әли Анарбайұлы Саттар; ҚР ҚСжАЕК облыстық бөлімінің басшысы   – Мейржан Кабдоллаевич Аманов;  ақпараттандыру бойынша аға прокурор – Лилия Талғатқызы Карпук және прокурор Төлеген Бахытбекұлы   Ахмедиев.

Басқосуда қазіргі қоғамдағы көкейкесті мәселелер, түрлі әкімшілік құқық бұзушылықтар жайындағы жекелеген сұрақтар қарастырылып, компьютер мен смартфон арқылы ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің ақпараттық қызметтерінің жаңа  мүмкіндіктері көрсетіліп, таныстырылды.

Іс-шараның ашылуында Әбу-Әли Саттар: «Біз қазір мүлде жаңа қоғамда өмір сүрудеміз. Сондықтан күнделіктісін күнде жаңа өзгерістерге дайын болуымыз тиіс. Әр адам өзінің болашағы үшін жауапты. Біздің ойланбай істеген әрбір жаңсақ, заңсыз қимылымыз жаңа енгізіліп жатқан прокуратураның электронды базасында сақталып қалмақ және кезі келгенде жастықпен жасаған осы ісіңіз болашағыңызға балта шабуы мүмкін. Сондықтан, жастар, осы мәселе турасында ойлана жүріңіздер», — деп ескертіп, базада сақталған құқық бұзушылықтар кейін мемлекеттік қызметке тұруға тосқауыл болатындығын айтты.

Әріптесі Мейржан Аманов болса: «Ақпараттық дамуы тұрғысынан біздің еліміздің құқық қорғау жүйесі – тек Орта Азия өңірінде ғана емес, ТМД елдерінің ішіндегі ең үздігі»,- дей отыра, ол: «осы салада біз үлкен жетістіктерге жеттік. Оның дәлелі қазіргі таңда Қырғызстан, Белорусия, Моңғолиядағы әріптестеріміз бізден кеңес алып, қазақстандық ақпараттық жүйемен танысуға тілек білдіруде»,- деп мәлімдеді. Сондай-ақ маман комитеттің сайтындағы геоақпараттық жүйелер, атап айтқанда қылмыстық құқық бұзушылық немесе қылмыстылық картасы, сондай-ақ апаттылық картасы және кәмелетке толмаған тұлғаларға қатысты жыныстық сипаттағы күш қолданған адамдардың карталары жайлы ақпарат берді.

Ал қатысушыларға адамның іздеуде екендігін қалай тексеретіндігі, полицияға арыз беруде және оның қаралуын бақылау жасауда туыстары мен жақындарына қандай көмек беруге болатындығы, олардың төленбеген айыппұлдары туралы біліп, оны қалай төлеуге болатындығы жайлы Лилия Карпук таныстырды. Сайтта және мобильді қосымшаға жүктелінетін осы қызметтің түрлерін ол студенттерге он-лайн режимде көрсетті.

Кездесу барысында прокурорлар он-лайн режимдегі қызметтер бойынша туындаған қосымша сұрақтарға жауап бере отырып, қолданыстағы заңнамадағы өзгерістерге тоқталды.

Екіжақты тиімді ақпарат алыс-берісінде өткен мұндай жиындар азаматтар үшін өте пайдалы болатындығы сөзсіз. Әсіресе,  бүгінгі кездесудің студент жастардың қоғамдық санасын жетілдіріп,  құқықтық сауаттылығын арттырудағы рөлі зор болды деп ойлаймыз.

Без рубрики