Жаңа жылдық ертегі


Жаңа жылда әркім ертегідегідей сәттердің куәсі болғысы келеді. Биылғы жаңа жыл қарсаңында ҚарМТУ-дың «Ақниет» жастар қайырымдылық ұйымның волонтерлері мүмкіндігі шектеулі балаларға қуанышты сәттер сыйлауға тырысады.  27 желтоқсан күні осы ұйым ұйымдастырған «Аяз атаға хат» қайырымдылық акциясы соңына еріп, балалар жаңа жылдық сый-сыяпаттарын алып, мәз-мейрам болып қалды.

 

Акцияның мақсаты – қаламыздың зағип балаларына арнап сыйлықтар алып, оларға қуаныш сыйлау болатын. Үш кезеңнен тұратын акцияның алғашқы кезеңінде волонтерлер қалалық білім бөлімінен балалардың тізімін алып, үй-үйді аралап, жеткіншектерге Аяз атаға хат жазуға көмектескен еді. Екінші кезеңде студенттер қаламыздың тұрғындарымен бірігіп, хатта жазған тілектерін орындау мақсатында сыйлықтар сатып алды.  Ал акцияның соңғы екі күні ішінде волонтерлер Қарағанды қаласы, Михайловка, Майқұдық, Пришахтинск аудандарын аралап, жұмсақ ойыншықтар, конструктор, планшет және ноутбук сияқты сыйлықтармен балаларды қуантты. Олар ертегі кейіпкерлері –  Аяз ата, Ақшақар болып, көптен күткен сыйлығын әрқайсысына жеке-жеке табыстады. Өзі арман еткен ойыншығын қораптан шығарған балалар қуанғаннан Аяз ата мен Ақшақарды құшақтап, алғыстарын шат күлкілерімен білдірді. Ертегі кейіпкерлері кейпіне енген волонтерлер, тек балаларды ғана емес, қала тұрғындарын да жылы сөзбен, жақсы тілектермен қуантуға тырысты. Сайып келгенде, барлығымыз да тек жаңа жылда ғана емес, әр күн сайын осылайша жан-жағымыздағы жандардың жүрегіне жылулық ұялатып, қаншама адамға үміт пен қуаныш сыйлай аласый аламыз.

 

Тусупбеков Данияр,

«Ақниет» ЖҚҰ төрағасының орынбасары

 

Без рубрики