«Өнегелі отаудың өрісі кең»


2016 жылдың 29 қазанында Қарағанды қаласының қалалық мешітінің ұйымдастыруымен Дін және дәстүр аясында «Өнегелі отаудың өрісі кең» атты тақырыпта қыздар, әжелер және келіндер арасында сайыс өтті. Аталған сайыс 5 кезеңнен тұрды:

  1. Таныстыру;
  2. Білім сайысы (ата-анаға құрмет, сабырлылыққа үйрету т.б.);
  3. Салт-дәстүр (халқымыздың 1 дәстүрін көрсету, түсіндіру);
  4. Дастархан мәзірі;
  5. Дұға мұсылман қорғаны (көпшілік біле бермейтін ерекше дұғаны айту, мағынасын ашу).

Аталған сайысқа Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің «Көркем» қыздар клубының мүшелері де қатысты. Жалпы сайыста 6 топ бағын сынады: «Нұр» (әжелер тобы), «Кәусар» (қыздар тобы), «Руфият» (келіндер тобы), «Ықылас» (қыздар тобы), «Әжелер» (әжелер тобы) және «Көркем» (қыздар тобы).

Қазақ елім аты әлемге жайылған,

Қыз баласын құрметтеген байырдан.

Тәрбиеменен ізетті нық ұстайтын,

«Көркем» атты қыздар ұйымы құрылған.

 

Қыз баласы өте нәзік келеді,

Аналардың ізі болған себебі.

Бұл клубта әлі талай халқымның,

Қыз Жібегі бойын түзеп келеді.

 

Отыз ару бой түзеген ордада,

Тырысамыз кешегіні жалғауға.

Сұлулықты сипаттаймыз өнермен,

Ұмтыламыз қатардан да қалмауға.

«Көркем» қыздар клубы осылайша өлең жолдарын домбыраға салып, 1-кезеңде өздерін таныстырды. 2-кезеңде болса, ата-ананы құрметтеу тақырыбын таңдап алдық. Себебі қазақ халқында ата-ананың мәртебесі айрықша, «Алланың разылығы – ата-ананың разылығында». Бұл кезеңде қыздар «Соқыр ана» көрінісін қойды. Ата-ананың жақсылығын, қадірін уақытында білу қажеттігін көрермен қауымға жеткізді деуге болады. Көрермен қауым көздеріне жас алып, бұл көрініс үшін әділқазылар алқасы ризашылықтарын білдірді.  3-кезеңде «Қыз ұзату» дәстүрін көрсетсе, 4-кезеңде дастархан мәзіріне самса мен ұлттық тағамымыз бауырсақты дайындап алып барды. Ал соңғы дұға мұсылман қорғаны кезеңінде қиналған уақытта оқылатын дұғаны оқып, мағынасын ашып түсіндірді. Осылайша аталған сайыс өз мәресіне жетіп, жүлделі І-орын «Көркем» қыздар клубына бұйырды. Қатысушылар мадақтама қағаздарымен марапатталып, шағын сыйлықтарға ие болды.

 

Без рубрики