Қарағанды қаласы әкімдігінің, «Қарағанды қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене тәрбиесі және спорт бөлімі» ММ қолдауымен М.О. Әуезов атындағы орталық қалалық кітапханада 31 мамыр – Саяси қуғын сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне қатар келген көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, «Алаш» партиясы мен «Алашорда» қозғалысы жетекшілерінің бірі, қазақтың тұңғыш математигі, профессор, ғұлама ғалым, белгілі ағартушы, қазақ тіліндегі тұңғыш «Жоғарғы математика курсы» оқулығының иесі Әлімхан Әбеуұлы Ермековтың (1891-1970) туған күніне орай ұйымдастырылған «Әлімхан Ермеков және «Алаш» атты кездесу өтті.
Спикерлер ретінде физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, ғалым, ғасыр адамы Көкетай Темірғали Әбілдаұлы, тарих ғылымдарының кандидаты, «Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Бейсенбекова Нұрсахан Ахметқызы, Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің тәрбие жөніндегі проректоры Қалықов Абай Қобыландыұлы, Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университеті, тарих факультетінің деканы, тарих ғылымдарының кандидаты Жұмабеков Жамбыл Әзмұханұлы, «Ақ жол» партиясы облыстық филиалының төрағасы Әбділдин Ермек Төлеуұлы, «Қарағанды облысының білім беруді дамыту оқу-әдістемелік орталығының» директоры Әбдікерова Бакиткул Хималдинқызы, Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің «Қазақ тілі және мәдениеті» кафедрасының оқытушысы, п.ғ.м. Бекқұлова Айнаш Диқанбайқызы, ғалым, тарихшы, этнограф, Қарағанды облысының ғылыми-техникалық құжаттама жөніндегі мемлекеттік мұрағатының директоры Аршабеков Темірғали Тілеубекұлы қатысып, сөз сөйледі.
Іс-шараға арнайы шақырылған ғалымдар «Алаш» қайраткерлерінің ұлтқа жасаған өлшеусіз еңбегін насихаттап қана қоймай, бірқатар мәселелерді де алға тартты.