2021 жылы 2 мамыр күні дін істері және конфессияаралық қатынастар секторының, «Әлеуметтік-гуманитарлық пәндер» кафедрасының ф.ғ.м., аға оқытушысы Ж.А. Тусупбековтің және «Серпін» ОО-ның ұйымдастыруымен Қарағанды техникалық университетінде «Серпін» бағдарламасы аясында оқып жатқан 1-курс студенттері С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театрында К.Жұмабековтің «Адасқандар» драмасын тамашалады.
Драматург К.Жұмабековтің «Адасқандар» драмасы бүгінгі күннің болмысын ашып көрсетеді. Аты айтып тұрғандай, ислам дінін тереңдеп түсінбей, басқа ағымға түсіп кеткен жастардың қилы тағдыры шығарма өзегіне айналады. Өзгенің алдауы мен арбауына, азғыруына, иланған қазақтың қаршадай қыздары мен жігіттері, «байимын, машина, үй сатып аламын» деп жүріп, жауыздардың қақпанына, қанды шеңгеліне қалай түскенін білмей, тығырықтан шығатын жол іздеп аласұрады. Екі көздері жәудіреп, туған жердің топырағын, ата-ананың аялы алақанын аңсайды. Оларды алда қанды қырғын, жазықсыз жандарды қыру, жалған діни ағымның әртүрлі қатыгездігі күтіп тұрғанын кеш аңдайды. Бірақ, шегінерге жол жоқ. Міне, шығарманың өзегі – адаспас үшін он ойланып, жүз толғану керектігін еске салады, адаспауға үндейді.